БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

27 желтоқсан 2022 2805 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Нұр-Мүбарак университетінде өтіп жатқан филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Шамшәдин Керімнің 60 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда арнайы баяндама жасады.

ҚМДБ Төрағасы көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Шамшәдин Тұрсынұлының Қазақстан мен Мысыр елдері арасында рухани, ағартушылық және білім-ғылым саласындағы алтын көпір болғанын, Нұр-Мүбарак университетінің қалыптасуы мен дамуына көп еңбек сіңіргенін атап өтті. Сондай-ақ ғалымның әдебиеттану, шығыстану, исламтану ғылымына сіңірген еңбегіне тоқталды.

«Шамшәдин Тұрсынұлы исламтану саласын зерттеп қана қоймай, көптеген жас ғалымдарды тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстазға айналды. Бүгінде Шамшәдин ұстаздың шәкірттері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында, басқа да құрылымдарда қызмет етіп, асыл дініміздің аясын кеңіту мақсатында табысты қызмет атқарып келеді. Ол қазақ даласынан шыққан дін ғұламаларының өмірі мен қызметін зерттеп, көпшілікке таныстырды. Атап айтқанда, Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фарабидің, Хұсам ад-Дин ас-Сығанақидің, Мүбашшир ат-Таразидің өмірі мен шығармашылығын тереңдете зерттеп, ғылыми айналымға енгізді. Соның ішінде Тараз өңірінен шыққан әкелі-балалы Таразилер жайлы жазған еңбектері біздің Діни басқарма жанынан шығатын «Мұнара» газетінің бірнеше санында жарық көрді. Осы еңбектері негізінде «Тараз тарланы» атты жаңа кітабы оқырман қолына тигелі отыр» деп атап өтті.

Сондай-ақ Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі ретінде Шамшәдин Керімнің дініміз бен руханиятымыздың дамуына атсалысып, діни тұтастықты қалыптастыруда сүбелі үлес қосып келе жатқанын алға тартты.

«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Шынында, ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмады. Олар білімді ғана мұра етті. Кімде-кім білім алса, ұлы сыбағаға қол жеткізеді» деген. Алла елшісі ғалымдарды пайғамбарлардың мұрагерлеріне теңеу арқылы ғалымдардың айрықша ардақталған адамдар екенін білдіріп отыр. Шамшәдин Тұрсынұлы – ғылым мен білім, діни ағарту саласына үлкен үлес қосып келе жатқан ірі ғалым. Шәкірттерге дәріс оқып, олардың ғылыммен айналысуына жағдай жасап, құштарлығын оятқан ұлағатты ұстаз» дей келіп, ғалымның деніне саулық, отбасына амандық, қызметіне жеміс, шығармашылығына табыс тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру