БАС МҮФТИ «ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҒЫ» ІС-ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

12 ақпан 2024 1867 0
Оқу режимі

Бүгін елордада ҚМДБ Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Ислам және дәстүр құндылығы» тақырыбында қыз-келіншектерге арналған іс-шара өтті. Ауқымды шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, алғысөз сөйледі.

«Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда қоғамда, әлеуметтік желілерде дін тақырыбы жиі қозғалатын болды. Әсіресе әлеуметтік желілерде өз бетінше пәтуа беріп, халықтың наразылығын тудыратын жағдайлар жиіледі. Мұндай құбылыстар елдегі діни ахуалға теріс әсерін тигізетіні анық. Сондықтан бұл бағытта де белсенді жұмыс атқаруымыз керек. Әлеуметтік желілер қолданушыларының басым бөлігі – әйелдер қауымы. Сондықтан менің тапсырмама сай мүфтият жанындағы Әйел-қыздар секторы белсенді жұмыс тәртібіне көшті. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шарамыз да Әйел-қыздар секторының баянды бастамасы деп білеміз. Алла Тағала басқосуымызды берекелі етсін!

Әйел-қыздар секторы былтыр 2023 жылы белсенді жұмыс атқарды. Республика бойынша мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстарына қатысып, уағыз-насихат жұмыстары жүргізіліп, семинарлар, білім сайысы, қайырымдылық шаралар, мәдени шара, шеберлік сағаттары және түрлі спорттық шаралар секілді қоғамдық-мәдени бағыттарда да жалпы саны 10 986 шара атқарылып, 408 828 адам қамтылды. 

Осы істердің бәрінде әйел жамағатының үлкен үлесі бар. Биыл да сектор жұмысы жандана түседі деп білеміз. Бәріміз де – қоғамның бір бөлшегіміз. Сол себепті қоғамда болып жатқан жақсылы-жаманды оқиғалардың бәрі бізге оң және теріс әсерін тигізеді. Сондықтан қоғамдағы теріс әрекеттерді бәріміз бірігіп түзетуіміз қажет» деді ҚМДБ Төрағасы. 

Айта кетейік, іс-шарада Исламдағы әйел мәртебесі туралы насихат айтылып, ұлттық дәстүрімізді жаңғырту мақсатында бесікке салу, атастыру, құрсақ шашу сынды салт-жоралғылары көрініс тапқан қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ жиналған әжелер, аналар, қыз-келіншектер арасында «Қандай дәстүр?» сұрақ-жауап викторинасы ойнатылып, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді еске түсірді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі 

Пікірлер Кіру