БАС МҮФТИ І ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ЖҰМЫСЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

02 қазан 2024 678 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Түркі мемлекеттері мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесінің «Түркі әлемі: Пәтуа берудің әдіснамасы мен ерекшелігі» І халықаралық дөңгелек үстел жұмысы басталды.

Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің пәтуа мамандары бас қосқан жиынның ашылуына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

«Біздің арамызды елдің шекарасы немесе теңіз бөлгенімен, тарихи сабақтастық әрқашан сақталып келген. Түркі халықтарының наным-сенімі, тілдік негізі, салт-дәстүрі, тіпті тарихымыз бен руханиятымыз да ортақ. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Түркі мемлекеттері мүфтияттарымен бірлесе отырып, діни мерекелерді, атап айтқанда Рамазан айының басталуы мен ораза айттың бірдей аталып өтуіне арналған арнайы кеңес құрылды. Ай қарауға байланысты ережелер қабылданып, кеңес жұмысы тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Пәтуа әзірлеу барысында Ханафи мәзһабының көзқарасы, қажеттілік жағдайда басқа мәзһаб иелерінің пікірі ескеріледі. Сонымен қатар, жергілікті халықтың дәстүрлері, ғұрыптары, сондай-ақ шетелдік пәтуа комитеттері мен ислам фиқһы ұйымдарының тәжірибелері назардан тыс қалмайды.

Осы ретте баса айтқым келетін мәселе: түркі мемлекеттерінің дін саласындағы ынтымақтастығын арттыру үшін кейбір мәселелерге ортақ пәтуалар шығару өте маңызды. Бұл, әсіресе, жастар арасында діннің дұрыс насихатталуын қамтамасыз етуге, сонымен қатар қоғамдағы дінге қатысты әртүрлі пікірталастарды шешуге көмектеседі. Пәтуа шығаруда жергілікті дәстүрлерді назарға алу да маңызды, өйткені бұл дін мен мәдениеттің үндестігін сақтауға, қоғамдағы келісімді нығайтуға ықпал етеді» деді Бас мүфти.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы діни оқу-ағарту саласына, өзекті мәселелерге қатысты ортақ пәтуа шығаруға және діни әдебиеттерді бірлесіп дайындауға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру