Бас мүфти GACA ұйымы басшысымен кездесті (ФОТО)

13 мамыр 2022 3059 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабия астанасындағы General Authority of Civil aviation ұйымында болып, САК Азаматтық авиация басқармасының Экономикалық саясат және әуе көлігі жөніндегі вице-президенті Әли Раджабпен кездесті.

Екіжақты кездесуде негізінен қажыларды тасымалдау мәселесі талқыланды. Өйткені бұл ұйым дүниежүзі бойынша чартерлік рейстерді ұйымдастыруда 50/50 қағидатымен жұмыс істейді. Бас мүфти бастаған делегацияны жылы қабылдаған Әли Раджаб мырза әріптестік байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді.

«Мен бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жылға жуық жұмыс істедім. Маған өте қатты ұнады. Биыл тағы баруға ниеттімін. Аллаға шүкір, үлкен қажылық маусымы ашылып жатыр. Дегенмен шарттары бұрынғыдай емес. Біздің бағыт туралы айтар болсам, 50/50 қағидатын өзгерте алмаймыз. Бүкіл әлемге осы жүйе қойылған. Кейбір мемлекеттерде әуе компанияларының сапасы төмен. Қажыларды тасымалдауға қауқарсыз. Сондықтан біз екінші тараптан ұшақ жіберуге мәжбүрміз. Егер қазақстандық компаниялар сіздерге бөлінген адам санын қасиетті қалаларға жеткізе алмаса, онда біз көмектесеміз. Кей мемлекеттер бұған бизнес ретінде қарайды. Сол себепті баға шарықтап кетеді», – деді ол.

Өз кезегінде Бас мүфти әуе тасымалының сапасын арттыру, ұшақтардың кешікпеуі, қажылардың аман-есен құлшылығын өтеуі және бағаның қолайлы болуын сұрады. Өйткені қазіргі ұсынылған баға қажылардың қалтасына салмақ салатынын атап өтті. Ұйымның вице президенті Бас мүфтидің баға саясатына байланысты айтқан ұсынысын аяқсыз қалдырмайтынын жеткізді. Сондай-ақ Әли Раджаб мырза қосымша әуе компанияларын жұмылдыруға болатынын айтты. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта тағы да бірнеше әуе компанияларымен келіссөздер жүргізілмек.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру