Бас мүфти Эр-Риядта өтіп жатқан халықаралық конференцияда баяндама жасады (ФОТО)

11 мамыр 2022 2544 0
Оқу режимі

Бүгін Сауд Арабия Корольдігінің астанасы Эр-Рияд қаласында Дүниежүзілік Ислам Лигасының ұйымдастыруымен «Дін ұстанушылар арасындағы ортақ құндылықтар форумы» басталды.

Жиынды Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы Мұхаммед ибн Абдулкарим әл-Исса ашты. Ол өз сөзінде бүкіл дін ұстанушыларды бірлікке, тұрақтылыққа үлес қосуға шақырды.

Конференцияға әлемнің 100 мемлекетінен делегат қатысуда. Оның ішінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы құттықтау сөз сөйлеп, жиынның маңызына тоқтала келе Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас Хатшысына ортақ диалог алаңын ұсынғаны үшін ризашылығын жеткізді.

«Біздің мұнда жиналудағы басты мақсатымыз әлемнің тыныштығы жолында дұғада болу. Бүкіл жер бетіндегі адамзат Адам (ғ.с) Атадан тараймыз. Сондықтан қандай да бір дін өкілі болсақта бір бірімізге құрметпен қарауға тиіспіз. Ең басты құндылық ол – адамгершілік қағидатын ұстану. Бүгінгі жиын соған үндейді. Өйткені әлемдегі көптеген дін өкілдері тұңғыш рет араб жерінде бас қосып отыр. Осындай маңызды жиынды ұйымдастырушы Дүниежүзілік Ислам Лигасының алдағы жұмысына табыс тілейміз», – деді Бас мүфти.

Сонымен қатар, бүгінгі конференцияда Еуропа, Азия, Африка мен АҚШ-тан келген әлемдік дін көшбасшылары сөз алып, жаһандық тұрақтылық жолында бірге болуға үндеді.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру