Бас мүфти «Бейбарыс сұлтан» мешітінің құрылыс жұмысымен танысты (ФОТО)

09 маусым 2022 3758 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Каирдегі аз-Захир Бейбарыс мешітін аралап, медресенің тарихи орнымен танысты.

Қазіргі таңда мешітке реставрация жұмыстары жасалуда. Кешен келер жылы толықтай жаңармақ. Бүгінде медресенің шағын бір бөлігі ғана сақталыпты.

Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф медресенің тарихи 400 шаршы метр орны толық сақталғанын атап өтті. Бұл медреседе белгілі ғұлама, хадис ілімінің білгірі Ибн Хажар әл-Асқалани имамдық қызмет істеген. Бүгінде медресенің бас имамы қызметі Хишам әл-Камил атқарады. Ол медресеге келген адамдарға мирас тақырыбы бойынша дәріс беріп келеді.

Бас мүфти мешіт құрылысының жұмысымен танысқаннан кейін, артына өшпес өнеге қалдырған бабалар рухына дұға бағыштады.

Тарихи деректерге жүгінсек, Бейбарыс сұлтан Мәмлүк мемлекетінің билігінен келген соң, атап айтқанда 1266 жылы Каир шаһарының орталығынан мәмлүк сәулет өнері үлгісінде аз-Захир Бейбарыс мешітін салуға әмір берген. Бейбарыс сұлтан Мысыр мен Шам елі төрт құбыласы түгел біртұтас мемлекет болсын деген үмітпен, мешіттің пішінін төрт бұрышты етіп бекіткен. Мешіттің қабырғасының ұзындығы – 108 метр, ені – 105 метр. Бейбарыс соғыс жағдайында Каир тұрғындарына пана болсын деген мақсатпен осындай төрт дәлізі бар мешіт-қамал тұрғызған. Мұсылмандар бес уақыт намаз оқу үшін мешіттің үш зәулім қақпасы арқылы кірген. Айта кететін жайт, кейін Бейбарыс сұлтан айюбидтер дәуірінде жабылып қалған атақты әл-Азһар мешітін қайтадан күрделі жөндеуден өткізген. Мешіттің ауқымын көбейтіп, ішін безендіру үшін шет елдерден мәрмәр тастар мен қымбат ағаштарды алдырған. Мешіттің құрылысы екі жылда аяқталған. Бүгінде мысырлықтар Каир шаһарының аз-Захир Бейбарыс мешіті орналасқан ауданды аз-Захирия ауданы деп атайды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру