Бас мүфти Бейбарыс ауылында «Қасым хан» мешітін салтанатты жағдайда ашты (ФОТО)
Атырау облысы, Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылында қасиетті жұма күні салтанатты жағдайда ашылған мешіттің сыйымдылығы 300 адамға шақталған.
Мешіттің ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құлшылық ордасы – тәрбиенің, руханияттың мекені екендігін атап өтті.
«Әлбетте, Аллаға және ақыретке шынайы иман келтіргендер мешітті көркейтеді. Мешіттің байлығы оның жамағатымен өлшенеді. Бес уақыт азан шақырылған жерде береке болады. Алла Тағала сол құт-берекені ауылдарыңызға нәсіп еткей» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Мешіттің ашылу рәсімі барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толып отырғанын да тілге тиек етті.
«Осынау мерейлі дата аясында мүфтият тарихымызда өткен хан, сұлтан, әулие-әмбиелердің атын мешіттерге беруді ұйғардық. Қасым хан бабамыз қазақ халқының елдігінің бастауында тұрған тарихи тұлға. Біз бабамызға мешіт атын беру арқылы, жас ұрпаққа тарихи тұлғаларымыздың есімін дәріптеп отырмыз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен бірге, ҚМДБ төрағасы мешіттің тұрғызылуына атсалысқан барша ауыл жұртшылығына ризашылығын жеткізіп, мешіттің құрылысына атсалысқан жергілікті азамат Тұрар Ғалымжанұлы бастаған бір топ ауыл тұрғындарына алғыс хат табыс етті.
Сондай ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұртшылық алдында «Қасым хан» мешітінің имамы Бағдат Кереевті таныстырды.
Құлшылық үйі ерлерге және әйелдерге арналған намаз оқу залдарынан, Құран оқу бөлмесінен және кітапханадан тұрады. Мешіт жанында сонымен бірге, асхана, имам үйі, дәретхана бар.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі