БАС МҮФТИ БАБАЛАР РУХЫНА 100 ҚҰРАН ХАТЫМ ДҰҒАСЫН ЖАСАДЫ (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Бекет ата» мешітінде киелі Маңғыстау өңірінен шыққан әулиелер мен еліміздің ертеңі үшін шейіт болған бабалар рухына 100 Құран хатым дұғасын жасады.
Дәстүрге айналған игі іс-шараға зиялы қауым өкілдері, республикалық Құран байқауының әділқазы мүшелері, дін қызметкерлері мен қарилар қатысты.
Игі басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңізге белгілі, біз жыл басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының айтулы іс-шаралар жоспарын бекіттік. Бекітілген жоспарға сәйкес дін қызметкерлері, ұстаздар мен шәкірттер күн сайын Құранды толық оқып, ата-баба рухына бағыштауы ләзім. Аллаға шүкір, бұл игі бастамамыз күн сайын орындалуда. Осыдан бірнеше күн бұрын қарилар орталығы мен медреседегі шәкірттеріміз қасиетті Құранды 100 рет толық оқып шықты. Алла Тағала ата-бабаларымыздың рухын шат еткей!» деді.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі