БАС МҮФТИ АРАЛДА ҚҰРАН ЖАТТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

30 қыркүйек 2022 2371 0
Оқу режимі

Бүгін Қызылорда облысының Арал қаласында Құран жаттау орталығы ел игілігіне берілді. Салтанатты рәсім қасиетті Құран оқумен ашылып, дұға жасалды.

Игі іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, мұсылман жамағатын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

Бас мүфти: «Бүгін, қасиетті жұма күні Арал ауданының орталық мешіт жанындағы Құран жаттау орталығы ел игілігіне беріліп отыр. Осы орталықтан имандылыққа ұйыған жастар ертең-ақ халыққа қызмет етіп, дініміз бен дәстүріміздің кеңінен дәріптелуіне үлес қосады деген сенімдемін. Құран жаттаған, оны көңілге тоқыған жас буын өкілі жақсылық жасауға асық болады. Осы орталық шәкірттерді үлкенді құрметтеуге, дәстүрді қадірлеуге, ізгілікке баулитын болады. Құтханамыз құтты болсын, ағайын» деген ізгі ниетін жеткізді.

Құран жаттау орталығының ашылуына қатысқан Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбет пен өңірдің құрметті азаматтары мен зиялы қауым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді.

Айта кетсек, орталықта бір мезетте 70 шәкірт білім алады. Олар діни сауат ашумен қатар мектеп бағдарламасын оқиды. Ғимаратта дәрісхана, жатақхана бар. Орталықтың жалпы аумағы – 400 шаршы метр. Бас мүфти шәкірттерге қасиетті Құран кітабын сыйға тарту етті.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру