БАС МҮФТИ АЛМАТЫДА ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТАНЫТЫМЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

21 ақпан 2024 1566 0
Оқу режимі

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Ұлттық кітапханасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен шыққан «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабының танытымы өтті. Іс-шараға ғалымдар, жазушылар, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жаңа кітап танытымында бірінші сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біздің көздеген мұратымыз – қазірге дейін сақталып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-сананың негізі мұсылманшылықта жатқандығын дәлелдеу. Себебі соңғы кездері қазақты түрлі деңгейде исламнан алыстатуға тырысушы пікірлер пайда болды. Кейбірі теріс пиғылмен әдейі әрекет етсе, енді бірі білместікпен ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі дінімізге теріс пікір айтуда.

Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыраны «харам» деп жүрген жастарды осы кітапты оқуға шақырамын. Сәлем салуды Аллаға серік қосу деп санайтындарға да осы кітапта жауап жазылған. Сәлем салу – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару үлкен қателік деп атар едім. Міне, осындай жаңсақ пікірлерге «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы толыққанды жауап береді деген ойдамыз», – деді.

Іс-шарада Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, академик, алаштанушы Мәмбет Қойгелді сынды ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері жастарды жат діни ағымдардың ықпалынан сақтауда жаңа кітаптың рөлін айрықша атап өтті.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру