Бас мешітте Ақсақалдар кеңесінің мәжілісі өтті (ФОТО+ВИДЕО)
Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің Ақсақалдар кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Қаладағы құлшылық ордаларының жамағатынан құралған ақсақалдар алқасы қашанда мешіттер жағдайымен жіті танысып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтып келеді.
Табалдырығымыздан енді аттаған 2020 жылғы жоспар бекітіліп, алдағы атқарылар жұмыстар жүйеленіп жатқан тұста арнайы өткізілген мәжіліс барысында бірқатар мәселелер талқыланып, көпшіліктің ұсынысы тыңдалды. Алқалы жиынға төрағалық еткен Бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бүгінгі басқосудың мән-маңызына тоқталып, ақсақалдарға алғысын білдірді.
Басқосу барысында Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің былтырғы жылы атқарған іс-шаралар есебі көрсетіліп, Бас шаһардың діни ахуалы жайлы сөз қозғалды. Сондай-ақ, жақында өткен ІІІ Республикалық Имамдар форумында қабылданған «Рухани жеті қазық» құжаты да таныстырылып өтті. Сонау тоқсаныншы жылы 12-қаңтарда өз алдына еншісін алып, жеке Діни басқарма болып құрылған ҚМДБ қызметіне 30 жыл толуына орай биылғы атқарылар «30 игі шара» жобасы да ақсақалдардың назарына ұсынылды.
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен осыдан төрт жыл бұрын өз жұмысын бастаған Ақсақалдар кеңесінің бүгінде қатары көбейіп, қолдауы күшейіп келеді. Елімізге белгілі академик Ғарифолла Есім, ғалым Дихан Қамзабекұлы (іссапарда болуына байланысты келе алмады), кәсіби журналист Кенжеболат Жолдыбай, Республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы, ІІМ ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков, Астана қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Амангелді Сыздықов секілді кеңестің тұрақты мүшелеріне бүгін арнайы «Алғыс хат» табысталып, сыйлықтар тарту етілді.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: Muslim.kz