БАКУДЕ ТҮРКІ-ИСЛАМ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ (ФОТО)
Әзiрбайжан астанасы Бакуде Мүфтилер кеңесінің үшінші отырысы аясында «Түркі-ислам мұрасының байлығы және оның қазіргі заманның өзекті мәселелері тұрғысынан маңызы» атты халықаралық конференция өтті.
Айтулы жиынға Түркі Мемлекеттері ұйымы Мүфтилер Кеңесінің мүшелері, ғалымдар қатысты. Конференцияның кіріспе сөзін Аллашүкір Паше-Заде бастап, жиынның маңызына тоқталды. Халықаралық жиынға Қазақстан тарапынан ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бас директорының орынбасары Төрәлі Қыдыр қатысты. Ғалым сөз баяндамасында түркілік ислами әдебиет тақырыбын тереңнен қозғады.
«Бірнеше ғасырлар үлесінде жатқан түркі халықтарының әдебиет тарихын ғалымдар, негізінен, екі топқа бөліп қарастырады. Белгілі ғалым Фуат Көпрүлү, түрколог Алессио Бомбачи түркі жазба әдебиетін «Исламнан алдыңғы және исламнын кейінгі кезең» деп екіге бөліп қарастырған. Сондай-ақ, биыл 125 жылдығы кеңінен тойланып жатқан Мұхтар Әуезов те осы пікірді қуаттаған.
Ғалымдардың әдебиетті дәуірлеуде Исламмен байланыстырып қарауында үлкен мән бар. Себебі, соңғы дінді қабылдау арқылы түркі халықтары бұрынғы сенімін ғана ауыстырып қойған жоқ, сонымен қатар, өздерінің болашақ мәдениеті мен әдебиетіне де жаңа өзгерістер алып келді. Ислам дінімен бірге түркілік әдебиетте жаңа бағыт, тың серпіліс пайда болды» деді Төрәлі Қыдыр.
Жиында Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Түркиядан келген түрлі ғалымдар баяндама жасап, түркі-ислам мұрасы жайлы өз тақырыптарына арқау етті. Айта кетейік бүгінгі конференцияға ҚМДБ атынан делегация қатысты.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі