«Әзірет Сұлтан» мешітіндегі жексенбілік уағыздар қайта басталды (ФОТО)
17 қыркүйек 2018
7688
0
Оқу режимі
Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде жаңа оқу жылының басталуына орай дәстүрлі түрде өткізілетін жексенбілік уағыздар қайта жалғасын тапты. Жыл сайын 500-ден астам жан діни сауатын ашып, хат танып шығатын «Әзірет Сұлтан» мешітінде шәкірттер игілігі үшін бірқатар маңызды шаралар бекітілген болатын. Осы шаралардың бірі ретінде әр жексенбі сайын мешіт шәкірттері үшін арнайы кездесу ұйымдастырылып, білікті ұстаздар мен имамдар уағыз жұмысын жүргізіп келеді.
Жаңа оқу жылындағы алғашқы жексенбі уағызын «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қанат Қыдырмин өткізді. «Жан тазалығы» тақырыбында ой толғаған Қанат ұстаз мұсылман баласы үшін рухани кемелдікке жету жолдары мен жан дүние тазалығының қаншалықты маңызды екенін әсерлі түрде жеткізді. Нәпсі қалауларынан тыйылып, ниет пен пейілді тазартуға қатысты ғұламалар насихатынан да кеңес келтіре кетті. Кездесу соңында шәкірттердің сұрағына кезек беріліп, тұшымды жауаптармен алмасты.
Сондай-ақ, бекітілген дәстүр бойынша уағыз жұмысынан соң шәкірттер қауымына дастархан жайылып, ас берілді. Дастархан басында өрбіген рухани мәжіліс шәкірттер арасындағы таныстықты арттыра түскені сөзсіз.
Дереккөз: Muslim.kz
Пікірлер
Кіру