Астанада Сирия мәселесіне қатысты брифинг өтті

08 қараша 2018 6349 0
Оқу режимі

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Кездесуде түркиялық дипломат сириялық реттеу бойынша Астана процесінің 11-раундында талқылануы тиіс мәселелерге тоқталды. «Астанадағы келіссөздер — тараптар арасында келісімге қол жеткізілген атысты тоқтату режімін күшейтуге, зорлық-зомбылықты азайтуға және өзге де мәселелерді қарастыратын үлкен мүмкіндік. Сонымен бірге, Астанадағы кездесуде сенім шараларын нығайту, оны Сирия жерінде қолдану және Идлибтегі деэслакация аймағының шарттарына қатысты нақты шешімге келу мәселелері көтеріледі деп үміттенеміз», — деді Невзат Уянык елшілікте өткен брифингте.

Сонымен қатар6 елші алдағы кездесуде гуманитарлық аспектідегі мәселелер талқыланып, нақты уағдаластықтар орнауы тиіс деп есептейді. «Түркия Қазақстан дипломатиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналатын медиация институтын өз елінде дамытуды қарастыруда. Яғни, Қазақстан тәжірибесін үлгі ретінде қараймыз және кеңірек дамыту қажет» деп сөзін толықтырды Невзат Уянык.

Айта кетейік, Сирия қақтығысын реттеудегі Астана процесінің 11-раундын қараша айының соңында немесе желтоқсан айының басында өткізу жоспарланған.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру