АСТАНА ӨКІЛДІГІНІҢ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІ «ҮЗДІК ИМАМ» САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

26 тамыз 2026 128 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен ІІ республикалық «Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Биылғы білім додасында Астана қаласының имамы Оразов Әділхан Әлиханұлы үздік нәтиже көрсетіп, І орынға ие болды. Ол елордадағы «Нұрсұлтан» мешітінің наиб имамы қызметін атқарады.

Бас жүлде иегеріне 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Марапаттау рәсіміне арнайы қатысқан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сайыстың маңыздылығына тоқталып, білім додасына қатысқан барша имамдарға ризашылығын білдірді.

«Астана төрінде «Әзірет Сұлтан» мешітінде басталған «Үздік имам» ІІ республикалық интеллектуалды білім сайысының қорытынды кезеңіне де келіп жеттік. Ең алдымен, сайысқа қатысқан барша имамдарға тағы да риясыз ниетпен ризашылығымды білдіремін. Алла разы болсын!

Сіздер бұл додаға тек жеңіс үшін емес, білімдеріңізді шыңдау, тәжірибе алмасу, кәсіби деңгейлеріңізді көтеру мақсатында келдіңіздер деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі жарыстың әрбір қатысушысы жеңімпаз атанды. Себебі білім жолына қадам басу рухани жетілу жолындағы маңызды баспалдақ саналады», – деді Бас мүфти.

Айта кетейік, ІІ республикалық «Үздік имам» интеллектуалды білім сайысында ІІ орын Қызылорда облысы Қазалы аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Нәби Нұрдаулет Асқарұлына, ал ІІІ орын Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы Теңге аудандық «Қосай ата» мешітінің наиб имамы Сайдолла Қуаныш Абдуррахимұлына бұйырды.

Сайыс қорытындысы бойынша ІІ орын иегеріне 400 мың теңге, ІІІ орын иегеріне 300 мың теңге сыйақы берілді. Ал жүлдегерлер қатарына енбеген қатысушылардың әрқайсысына 50 мың теңгеден ынталандыру сыйақысы табысталды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру