Астана мешіттерінде мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілді

26 мамыр 2026 11 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес Құрбан айт мерекесі қарсаңында Астана қаласындағы мешіттерде мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілді.

Мешіт аумақтарына ұлттық нақыштағы безендірулер орнатылып, дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу мақсатында киіз үйлер тігілді. Сонымен қатар мерекелік баннерлер ілініп, жамағатқа жайлы жағдай жасауға баса мән берілді.

Аталған жұмыстардың басты мақсаты – Құрбан айттың рухани мәнін айшықтап, жамағат арасында мерекелік көңіл күй қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен ізгі дәстүрлерді насихаттау. Себебі Құрбан айт – мұсылман қауымын мейірімге, бауырмалдыққа, қайырымдылық пен жанашырлыққа үндейтін ұлық мереке.

Бұл күндері мешіттерге келушілердің қатары артып, жамағат айт намазын бірге орындап, бір-біріне ізгі тілектерін арнайды. Сондықтан мерекелік безендірулер мен ұлттық нақыштағы көріністер айттың айрықша атмосферасын сезінуге мүмкіндік беріп, халықтың рухани бірлігін нығайтуға қызмет етеді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру