Астана мешіттерінде 1 200 жанға «Қайырымдылық дастарханы» жайылды (ФОТО+ВИДЕО)

13 қараша 2018 8720 0
Оқу режимі

Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) дүниеге келген Мәуліт айының құрметіне орай бүгін Астана мешіттерінде «Қайырымдылық дастарханы» жайылып, Елордамыздағы мұқтаж отбасылар құлшылық ордаларында қонақ болып қайтты. ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілдігі мен «Зекет» қоры өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық шарасы Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан», «С.Ғылмани», «Төлебай» және «Әс-Сәлам» мешіттерінде бір мезгілде басталып, жалпы саны 1 200 жанды қамтыды. Демеуші азаматтардың қаржылай қолдауымен жүзеге асқан игі бастама аясында «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі «Қайырымдылық дастарханынан» 600 жан дәм татса, қалған үш құлшылық ордасының әрқайсысына 200-дей мұқтаж жандар мейман болып қайтты.

Бас мешіттегі «Қайырымдылық дастарханына» жиылған жамағатты ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, Астана қаласы және «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы өзі қарсы алып, ілтипат танытты. Қасиетті Құран аяттарымен басталған берекелі дастархан басында наиб мүфти Наурызбай Тағанұлы бүгінгі қайырымдылық шарасының мән-маңызына тоқталып, демеушілік танытқан азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, бұл игі шараның алдағы уақытта дәстүрлі түрде Астана мешіттерінде тұрақты өткізіліп тұратынын да жеткізді.

Берекелі дастархан басында жамағатқа мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында терме айтылып, ізгі тілектер толқынына да кезек берілді. Астана мешіттері атынан жайылған бүгінгі дастарханға дән риза болған жамағат та ортаға шығып, өз ризашылықтарын жеткізіп жатты.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру