Әлеуметтік желіні оңтайлы пайдалану жөнінде семинар өтті (ФОТО)

25 ақпан 2019 7107 0
Оқу режимі

Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Елорда имамдарына арналған семинар-тренинг болып өтті. ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әлеуметтік желі: әдебі мен әлеуеті» тақырыбында өткен семинар жұмысына Елордамыздағы 10 мешіт имамдары мен ұстаздары, сайт қызметкерлері қатысып, көптеген қажетті деректермен танысып қайтты.

Елуден астам дін қызметкерінің басы қосылған алқалы жиынға ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы, Астана қаласы Дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Жапал Долиев, Muslim.kz сайтының маркетолог маманы Махамбет Ескендіровтер шақырылып, аталмыш тақырып аясындағы арнайы баяндамалар жасалды. Семинар шымылдығын ашқан «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қанат Қыдырмин бүгінгі таңда ғаламтор бетіндегі белсенділікті арттырудың қаншалықты қажет екенін атап өтіп, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды. Отырыс тізгінін қолға алған «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев бұдан соң қатысушыларға арнайы шақырылған баяндамашыларды таныстырып, шараның тартымды өтуіне ықпал жасап отырды.

Әлеуметтік желіні пайдалану ережелерінен бастап, әдебі мен әлеуетін қоса түсіндірген мамандар кеңесі – қатысушылар үшін қажеті мол ақпарат болды. Тіпті, арнайы бейнероликтер мен фото түсіндірмелер көрсетіліп, көпшілік көкейіндегі түрлі сұрақтарға жауап қайтарылды. Дін насихатын ғаламтор бетінде де дамытып, желі арқылы теріс ағымдарға тосқауыл қою – қазіргі заман талабы екені сөзсіз. Осы себепті де, бүгінгі өткен семинар-тренинг жұмысы еліміздің діни өміріне жасалған үлкен үлес десе де болғандай.

Семинар соңында арнайы шақырылған баяндамашыларға ҚМДБ Астана қаласы өкілдігі атынан «Алғыс хат» табысталып, семинар қатысушыларына сертификат берілді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру