ӘЛ-АҚСА МЕШІТІНДЕГІ ҚАҚТЫҒЫСҚА ҚАТЫСТЫ ҚМДБ МӘЛІМДЕМЕС

10 сәуір 2023 2275 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейірім мен шапағат, бірлік пен игілік айы болған қасиетті Рамазан айы кезінде киелі әл-Құдыстағы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын әл-Ақса мешітінде болған қақтығысқа қатты алаңдаушылық білдіреді және күрделі мәселенің оң шешімін табуын тілейді.

Қасиетті Рамазан айында Алланың мейірімінен үміт етіп, мешітте құлшылық жасап жатқан мұсылмандарды күшпен қудалап, олардың өмірі мен денсаулығына зиян тигізіп жатқан тараптың іс-әрекетін қатаң айыптаймыз.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз (мұқтаждық пен дәрменсіздіктен, кемшілік атаулыдан ада). Ол – Сәмиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін де көруші)» («Исра» сүресі, 1-аят) деп баяндайды. Бұл аят әл-Ақса мешітінің мұсылман әлемі үшін қаншалықты қасиетті әрі ардақты екенін айғақтайды.

Діни басқарма еліміздегі барша мұсылманды қасиетті айда қасиетті мекеннің тыныштығы мен сол жердегі мұсылман бауырларымыздың бейбіт өмірі үшін дұға жасауға үндейді. Алла Тағала қасиетті әл-Ақсаның бейбітшілік пен амандықта болуын нәсіп етсін! Раббымыз жер бетін түрлі бүлік пен қантөгістен сақтағай! Әмин!

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру