old.muslim.kz Сүндеттеліп туылатын сәбилер жайында дініміз не дейді? - Muslim.kz
Сүндеттеліп туылатын сәбилер жайында дініміз не дейді?
Ассаламуғалейкум! Менің бір сұрағым бар еді. Туылғанда (өмірге келгенде) сүндетке отырылып туылатын адамдар өмірде кездеседі. Ол ненің белгісі, дінімізде ол туралы не делінген? Алдын ала рахмет! Алла разы болсын! Ақжан Мұсахметов

 

Ислам дінінде ер баланы сүндетке отырғызу – сүннет амал. Бұл амал барлық пайғамдарлардың ұстанған жолы (сүндеті) десек те болады. Хазіреті Әбу Һурайрадан (Алла одан разы болсын!) бізге мынадай хадис жектен:

«Бес іс болмысқа жатады: сүндетке отыру, кіндік асты түгін қыру, мұртты басу, тырнақ алу және қолтық түгін алу».[1]

Бұрынғы заманда да,  қазіргі кезде де кейбір балалар туғанда сүндеттелген күйде туады. Бұдан қорқудың немесе басқадай бір ойға келудің қажеті жоқ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Өзі де туғанда сүндеттелген бойда туған.[2] Мұндай жағдайды мұсылман әлемінде «Пайғамбар сүндеті» деп те атайды. Медицина тілінде «гипоспадия» (нipospadias)[3] дейді. Бұлай дүниеге келген балаларды дәрігерлерге көрсеткен жөн. Егер мамандар баланы көріп, барлығы дұрыс, баланың мүшесінің дамуы қалыпты жағдайда деп шешсе, онда шариғаттың да талабы орындалғандықтан, оған қайта пышақ тигізіп, сүндеттеу шарт емес. Егер дамуы дұрыс емес деп шешсе, онда қайта сүндеттейді.

Жалпы Ислам ғұламасы Имам Суютидің сөзіне қарағанда кейбір пайғамбарлар[4] туғанда сүндеттеліп туған. Бір қызығы халқымыздың біртуар азаматы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан атамыз да туғанда сүндеттеліп, кіндігі кесіліп туған екен.


[1] Имам Бұхари риуаят еткен.

[2] Ибн Халдун, Муқоддима, Станбұл 1970, ІІ/400.

[3]https://ru.wikipedia.org/wiki/Гипоспадия

[4] Мысалы, Адам, Шит, Нұх, Сам, Идрис, Мұса, Салих, Лұт, Шұғайб, Юнус, Сүлеймен, Яхия және Иса (Алланың Оларға сәдемі болсын!).

date20.09.2017readCount8712categoryӘртүрліprintБасып шығару