Құбылаға бет түзеуде қателессе, намазды қайта оқу керек пе?
-Кейде бейтаныс жерге барған кезде, құбыланы білмей жатамыз. Сұрайтын ешкім болмай қалады. Біледі деген үй иесінің өзі кейде қате бағытқа сілтейді. Осындай жағдайда оқылған намазды қайта оқу керек пе? Марат.

-Марат мырза, Қағбаның қай бағытта болғанын білмеген адам құбыланы білетін адамдардан сұрауы қажет.  Құбыланы көрсететін адам табылмаса өзі болжап жобалаған жағына қарай оқуы тиіс. Бірақ намазын бітірген соң, оқыған жағы құбыла болмай шықса, намазын қайта оқуының қажеті жоқ.[1] Оған мына хадис дәлел: Сахаба Муғаз бин Жәбал (р.а.) мынадай хадис риуаят етеді: «Біз, Алланың Елшісімен (с.а.у) бірге сапарда едік. Аспан бұлтты болғандықтан (құбыланы анықтай алмай) құбыладан ауытқып басқа бағытқа қарап оқыдық.  Намазды бітіріп  сәлем бергеннен кейін,  күннің көзі көрінді. Біз: «Уа Расулалла! Құбыладан жаңылыппыз», - дегенімізде, Ол: «Намаздарыңыз Ұлы Алланың құзырына толықтай көтерілді», - деп жауап қайырды.»[2]

[1] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы: Ислам ғылымхалы – 135 бет. Алматы
[2] Табарани риуаят еткен. Ила әс-Сүннә – 2 том, 177 бет.;
Абдусамат Қасым
date15.01.2013readCount10054categoryНамазprintБасып шығару