Ақшам намазын төрт рәкәғат етіп оқып қойса, қайта оқу қажет пе?
Əссəлəму əлейкум! Шам намазын білместікпен, төрт рəкəғат қылып оқып қойса, қайтадан оқуы қажет па? Нұрболат

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Егер, ақшам намазының соңғы «аттахияту» отырысына отырғаннан кейін, төртіншіні оқыған болсаңыз, ол намазды қайта оқудың қажеті жоқ. Төртеудің үшеуі ақшам намазының парызынан саналады.

Ал, соңғы отырысқа отырмай, төртіншіні оқыған болсаңыз, ол намазды қайта оқуыңыз керек (уақыт өтіп кетсе қазасы өтеледі). Өйткені, соңғы отырысқа отыру намаздың парызынан саналады. Намаздың парызын тәрк еткен кісінің намазы дұрыс емес. Ондай жағдайда, оқыған төрт рәкәғатыңыз нәпілге айналады.

Мұндай жәйтқа тап болған кісі (яғни, соңғы отырысқа отырмай артық рәкәғатқа тұрып кеткен кісі), бастаған артық рәкәғаттың (сіздің жағдайда төртінші рәкәғат) сәждесіне бармай жатып қателескені есіне түссе, бірден аттахияту отырысына отыруы керек: аттахияту дұғасын оқып, сәһу сәжде жасап, намазын әдеттегідей аяқтайды. Бірақ, артық рәкәғаттың сәждесіне барып қойғандай болса, намазы нәпілге айналып, парызды қайта оқуы ләзім.

Еске сала кетсек: үш не төрт рәкәғатты намаздың алғашқы аттахияту отырысына отыру – уәжіп амалына жатады. Оны абайсызда тәрк еткен кісі, намаз соңында сәһу сәждесін жасауы тиіс. Соңғы отырысына отыру – парыз. Оны орындамаған кісінің намазы бұзылады.  

Абдусамат Қасым
islam.kz
date18.01.2017readCount5374categoryНамазprintБасып шығару