«Ақиқа құрбаны» дегеніміз не?
Құрбан  шалудың бірнеше  түрлері бар екен. Соның бірі,  әйелі дүниеге сәби  әкелгенде отағасы  Аллаға шүкіршілік  етіп  құрбан шалады екен. Бұның шарты қалай? Ұл бала үшін екі  қой, қыз бала  үшін бір қой сойып құрбан шалу керек деп естідім. Осы туралы не дейсіздер? Алла разы болсын Сіздерге! Серік.

Құрметті Серік мырза,  жаңа туылған нәресте үшін  шалынған малды «ақиқа құрбаны» деп атайды. Нәрестенің үлпілдек шашын «ақиқа» дегендіктен, осыған байланыстырып, шалынатын малды да «Ақиқа құрбаны» деп атаған.  Ақиқа құрбаны  перзент сыйлаған Алла  Тағалаға шүкіршілік  білдіру ниетімен шалынады.  Шариғаттағы үкімі – мубах,  яғни,  дүниеге келген нәрестесі үшін мал шалу әр ата-ананың өз еріктеріндегі іс.

Баланың туылған күнінен бастап балиғат жасына толғанға дейін ақиқа құрбандығын шалуға болады. Десе де, жаңа туған нәрестенің жетінші күні басындағы үлпілдек шашы алынып  ат қойыла салысымен құрбан шалу – мұстахаб, яғни ұнамды іс.[1] 

Ұл, яки қыз деп бөлежармай әрқайсына бір-бір қойдан шалса жеткілікті. [2] Ал, «ұл баласына екі қой», «қыз баласына бір қой» сойғысы келгендердің бұл ниеттері  де Алла Елшісінің сүннетіне теріс емес.[3]  

Ақиқа құрбаны ретінде шалынатын мал, екі көзі де көретін, тістерінің жартысынан көбі сау, мүйзінің бірі немесе екеуі бірдей түбінен сымбаған, құлағы мен құйрығының жартысынан көбі сау және көтерем дейтіндей арық емес болуы керек. Жаратылысынан құлағы мен құйрығы жоқ сондай-ақ өз аяғымен жүре алмайтындай дәрежеде ақсақ мал да ақиқа құрбанына жарамсыз.

Ақиқа құрбандығының етін, өзінің отбасына жегізсе де,  өзгеге таратып берсе де болады.

[1] Тирмизи -1522.; Проф.Доктор Х.Дөндірен, Delilleriyle Islam ilimhali, бет 803.Стамбул; Қ.Бағашар: Исламдағы бала тәрбиесі – 43 бет.Алматы.; 
[2] О.Н.Бильмен, Ғылымхал: Ақиқа құрбаны бөлімі.
[3] Ибн Мәжәһ-3163.
Абдусамат Қасым
date12.01.2013readCount12754categoryҚұрбанprintБасып шығару