«Иншалла» деп ант беріп, оны орындамаса, күнә бола ма?
Ассалаумағалейкүм! Егер өзіме «ИншаАлла, мынаны ешқашан жемеймін» деп айтсам, ол Алланың атымен ант болып есептеле ме? Бірақ, кейін оны жеп қойсам, антты бұзған боламын ба? Сонда не істеу керек? Атау (нәзір) оразасын ұстау керек пе?

Уағалейкүмассалам!

Мұсылманның Алла Тағаланың атымен бір істі істеуге немесе істемеуге  ант беруі – шариғатымызда айтарлықтай маңызға ие. Бұл – мұсылманның мойнында жүк болып қала беретін амал. Алла Тағала қасиетті Құранда:

لَا يُؤَاخِذُكُمُ اللَّهُ بِاللَّغْوِ فِي أَيْمَانِكُمْ وَلَكِنْ يُؤَاخِذُكُمْ بِمَا عَقَّدْتُمُ الْأَيْمَان

«Алла Тағала анттарыңдағы бос сөздеріңді есепке алмайды. Алайда, біле тұра істеген анттарыңнан жауапты боласыңдар», – дейді. Аяттың соңында Алла Тағала тағы да қайталап:

وَاحْفَظُوا أَيْمَانَكُمْ كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

«Анттарыңды қорғаңдар! Алла Тағала сендерге аяттарын осылайша баяндайды, бәлкім шүкірлік етерсіздер»[1], – деді.

Демек, кімде-кім Алланың атымен немесе сипатымен бір істі істеуге  немесе тастауға ант етсе, орындау – уәжіп. Антын бұзған жағдайда, шариғат тағайындаған каффаратты жаза ретінде өтеуге міндетті. Алла Тағала Қасиетті Құранда:

فَكَفَّارَتُهُ إِطْعَامُ عَشَرَةِ مَسَاكِينَ مِنْ أَوْسَطِ مَا تُطْعِمُونَ أَهْلِيكُمْ أَوْ كِسْوَتُهُمْ أَوْ تَحْرِيرُ رَقَبَةٍ فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَصِيَامُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ ذَلِكَ كَفَّارَةُ أَيْمَانِكُمْ إِذَا حَلَفْتُمْ 

«Оның төлеуі – үй-іштеріңе жегізетін орта есеппен он міскінді   тамақтандыру не оларды киіндіру немесе бір құл азат ету. Мұны таппаған адам –үш күн ораза ұстасын. Бұзған анттарыңның жазасы осы», – дейді.

Алайда, бұл кәффараттарды өтеу  Алланың атымен немесе сипатымен немесе шариғатта ант есебінде саналатын Алла Тағалаға қатысты тіркестермен (Мысалы, Алланың уәдесімен, аманатымен) айтылған жағдайда ғана тағайындалатын жаза болып саналады. Сондықтан Құранмен,  Пайғамбармен (с.ғ.с.), Қағбамен,  ата-бабасымен, түнмен, күнмен, нан ұрсын, жын ұрсын- деген сияқты сөздер антқа жатпайды. Бәлки, бұлай жасау дұрыс емес. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде:

ألا إن الله ينهاكم أن تحلفوا بآبائكم، من كان حالفاً فليحلف بالله، وإلا فليصمت

«Біліңіздер! Алла Тағала сіздерді әкелеріңіздің  атымен ант ішулеріңізден қайтарды. Кім ант ішсе, «Алланың атымен болсын» немесе үндемесін»[2], – деп қайтарған болатын.

Егер бір кісі «ин ша Алла бір істі істеймін немесе істемеймін» деп,  «инша Алла» сөзін сол мезетте айтқан болса, бұл сөзі ант болып есептелмейді. Өйткені, бұлай айтуымен ол істің болар-болмасын Алла Тағаланың қалауына қалдырған болады. Нақты өзінің шешімі  болып есептелмейді. Бұлай ант етудің үкімін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  өзінің бір хадисінде;

عن بن عمر روى عن النبي صلى الله عليه وسلم أنه قال: «من حلف، فقال: إن شاء الله, فقد استثنى». رواه أبو داود

«Кім ант айтса, антында Алла қаласа десе,  антынан  шықты», – дейді[3]. Яғни, қаласа орындайды, қаласа орындамайды. Орындамаса, кәффарат өтемейді.

Асқар Мұқанов 



[1] «Мәида» сүресі, 89-аят.
[2] Бухари,Муслим
[3] Әбу Дәуід.

date13.12.2016readCount5946categoryФиқһprintБасып шығару