Біз Әһли суннамыз ба?
Ассаламу ғалейкум! Сұрағым: Біз әһли суннамыз ба, әһли сунна ақидасының негізі не? Маржан Рысбаева

Уа алейкум ассалам!

Иә, сөзсіз, Ханафи мазһабы әлһи сунна уал жамағат боп табылады. Ақида, хадис және фиқһ саласының теңдессіз ғұламасы Әбу Жағфар әт-Тахауи өзінің ақида кітабында: «Бұл (кітапта) дін фиқһ ғұламалары: Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит, Әбу Юсуф Яқұб бин Ибраһим әл-Ансари және Әбу Абдулла Мұхаммед бин Хасан әш-Шайбани мәзһабының және дін негіздері бойынша әлемдер Раббысына иман етіп және амал еткені бойынша әһли сунна уал жамағат ақидасының баяны[1]», – деп жазған.

Әрине, әһли сунна уал жамағат сенімі Құран және хадиске негізделеді. Әлһи сунна уал жамағат құрамына: ханафи, малики, шафиғи және ханбали мәзһабтары кіреді. Бұл терминнің мағынасы: Пайғамбар (с.ғ.с.) және оның сахабаларының жолы деген мағынаны білдіреді. Бұл атау Құран және хадиске сүйеніп қойылғаны мәлім. Құран Кәрімде: «(Мұхаммед (ғ.с.) Менің жолым осы. Алла жаққа шақырамын. Мен және маған ергендер ашық дәлел үстінде...[2]» және сонымен бірге хадисте: «Менің және менен кейінгі тура жолдағы орынбасарларым сүннетіне берік болыңдар[3]», – деп айтылған.

Сонымен қатар, бұлай атау: нәпсі мен бидғатшыларға қайшы жол екендігін айқындайды.

Әһли сунна уал жамағаттың теріс ағымнан ажыратушы белгілері бар. Бұл жайлы Әбу Ханифа өзінің «Уасыиа» кітабында жазған. Бұл еңбекте әлһи суннаның негізгі он екі қасиеті көрсетілген. Аталмыш кітапта: «Шәкірттерім және бауырларым, біліңдер! Әһли сунна уал жамағат мәзһабының он екі қасиеті бар. Кімде-кім бұл қасиеттермен тура жүрсе, бидғатшы және нәпсіге ілесуші болмайды. Мырзамыз Мұхаммед (с.ғ.с.) шапағатына лайық болу үшін осы қасиеттерді берік ұстаңдар[4]»,-деген.

 


[1] Шейх Мұхаммед бин Мұхаммед  бин Махмуд Бабирти, «Шарх ақида Тахауиа», 16-бет
[2] Юсып сүресі, 108-аят
[3] Термизи, Хаким, Ибн Мажаһ
[4] Шарх уасыиа имам Әбу Ханифа, 51-бет, Шейх Мұхаммед бин Мұхаммед  бин Махмуд Бабирти

Руслан Камбаров
date10.11.2016readCount4412categoryАқида-сенімprintБасып шығару