Дәретте «бисмиллә» айту шарт па?
Ассаламу алейкум! Дәрет алу барысында «бисмиллә» айту қандай амалға жатады. Дәрет дұрыс болуы үшін «бисмиллаһир Рахманир Рахим» деп айту шарт па?

Уа алейкум ассалам!

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Дәреті жоқтың – намазы жоқ, ал Алла атын айтпағанның – дәреті жоқ[1]», – делінген. Сондай-ақ, Әбу Сағид (р.а.) жеткізген хадисте де: «Алла есімін айтпағанның дәреті жоқ[2]», – деп айтылған. Осы хадистер негізінде, Ханбали мазхабында дәретте «бисмиллә» деп айту шарт.

Ал, ханафи мазхабы бойынша дәретте «бисмиллә» айту – сүннет. Бұған негіз ретінде, Әли бин Яхия бин Халлад (р.а.) риуаят еткен хадис келтіріледі. Аталмыш хадисте намазын дұрыс оқи алмаған кісіге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Намазға тұрсаң, Алла әмір еткендей етіп дәрет ал[3]»,-дейді. Ал, Құрандағы дәрет алуға қатысты аятта «бисмиллә» көрсетілмеген.

Жоғарыдағы хадистің өзіне келетін болсақ, «бисмиллә» айтпау дәреттің дұрыстығына кедергі емес, кемел болмауына себеп ретінде айтылуда. Өйткені, осы мағыналас хадисте: «Мешітке көрші адамның тек мешітте намазы дұрыс[4]», – делінген. Бұл мешітке көрші тұратын адамның мешітте намаз оқуы абзал екендігін көрсетеді.

Демек, дәретті «бисмилләмен» бастау – сүннет. Оның абзалдығы жайында: «Кімде-кім дәрет алғанда Алланың есімін айтса, денесі тұтастай тазарады. Ал, дәрет алғанда Алла есімін айтпаса, тек жуған дене мүшесі ғана тазарады[5]», – деген хадис бар.


[1] Әбу Дауд, Хаким

[2] Ибн Мажа, Байһақи

[3] Әбу Дауд, Тирмизи, Ибн Мажа, Насаи

[4] Дарақұтни, Хаким, Байһақи

[5] Дарақұтни

Руслан Камбаров
date04.10.2016readCount12022categoryҒұсыл-дәретprintБасып шығару