old.muslim.kz Бүгін ораза ма әлде айт па? - Muslim.kz
Бүгін ораза ма әлде айт па?
Ассаламу алейкум! Ең өзекті сауалдардың бірі – «бүгін ораза тұтамыз ба, айт мерекесін тойлаймыз ба» деген сұрақ. Қазақстанда 5-шілде айт, ал 4-шілде күні соңғы ауызашар болды. Осы сауалдың соңғы нүктесін қойып берсеңіздер.

 

Уа алейкум ассалам!

Харисқызы Үмму Фадл Курайбты (р.а.) Шамға Мұғауияға (р.а.) аттандырған болатын. Курайб (р.а.) былай деп әңгімелейді: «Шамға барып, Үмму Фадлдың шаруасын бітірдім. Осы шақта Рамазан айы кіріп, аспанда жаңа ай көрінді. Бұл жұманың кеші болатын. Мадинаға айдың аяғында келіп жеттім. Сонда Абдулла бин Аббас (р.а.) менен: «Жаңа айды қашан көрдіңдер?» – деп сұрады. Мен: «Айды жұманың кешінде көрдік», – дедім. Ибн Аббас (р.а.): «Сен өзің көрдің бе?» – деп сұрады. Мен: «Иә, адамдар көрді. Жұрт та, Мұғауия да ораза тұта бастады», – дедім. Ибн Аббас (р.а.): «Алайда, біз сенбінің кешінде көрдік. Біз әлі де оразамыз. Рамазанды отыз күнге толтырып немесе жаңа айды көріп бір-ақ ауыз ашамыз», – деді. Мен: «Мұғауияның жаңа айды көруі және ораза тұтуы жеткілікті емес пе?» – дедім. Ибн Аббас (р.а.): «Жоқ. Алла елшісі (с.ғ.с.) бізге осылай етуге әмір еткен[1]», – деді.

Міне, хадисте Шам өлкесінде жаңа айдың көрінуі Хижаз немесе Йемен елдеріне үкімі жүрмейтіндігі айтылуда. Өйткені, әрбір аймақ пен өлкеге намаз уақыты сияқты оразаның да дербес үкім жүреді. Егер алғаш ай көрінген аймаққа тәуелділік болса, бұл үлкен машақат тудыратындығы даусыз. Ал, жаңа айдың тууы әр жерде әртүрлі екені мәлім[2].

Қорыта айтқанда, Қазақстан мұсылмандары да ҚМДБ пәтуасына сүйеніп амал етуі – уәжіп.    



[1] Бұхариден басқа бес хадис еңбегінде
[2] әт-Таж Жамиъ Усул фи Ахадис Расул, 2-том, 57-бет

Руслан Камбаров
date05.07.2016readCount7769categoryОразаprintБасып шығару