old.muslim.kz Тасбих тарту сүннет намазынан алдын ба, әлде кейін бе? - Muslim.kz
Тасбих тарту сүннет намазынан алдын ба, әлде кейін бе?
Ассаламалейкум уа рахматуллахи уа баракатух!
1.Кейбір кісілер тасбихті  парыз намаздан кейін тартады. Соларға не дейсіз? Қай кезде тасбих тартқан дұрыс? Аллаһ сіздерге разы болсын!   Нұрдәулет Тұрғынбаев   Ассалаумаалейкум уа рахматуллахи уа баракатух!
2.Сұрайын дегенім, намаздан соң «Аятул Курсиді» оқып, 33 рет Субханаллаһ, 33 рет Әлхамдулилләһ, 33 рет Аллаhу Акбар деп айту парыз ба? Қысылтаяң уақыт болып, намазды алып-ғұпыл оқып жататын кезіміз болады, сондайда да тасбих тарту міндет пе? Досжан  

Уа алейкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!
1.Бес уақыт намаздан кейін Аятул Курси оқып, тасбих тарту – сүннет амал. Бұған негіз Хасан бин Әлиден (р.а.): «Кімде-кім намаздан кейін Аятул Курси оқыса, келесі намазға дейін Алла тағала қорғауында болады[1]»,-деген хадис жеткен.

Сонымен бірге, Әбу Һурайра (р.а.): «Кімде-кім әр намаздан соң отыз үш рет Алланы пәктесе (субхана Аллаһ), отыз үш рет Алланы мадақтаса (әлхамду лиллаһ), отыз үш рет Алланы ұлықтаса (Аллаһу Акбар), міне сол тоқсан тоғызды "лә иләһа иллә Аллаһу уахдаһу лә шарикә лаһ, лаһул мүлку уә ләһул хамду, уә һуә ъалә кулли шайин Қодир" (Алладан басқа тәңір жоқ, Ол жалғыз және серігі жоқ. Барлық иелік пен мақтау Оған тән. Ол барлық нәрсеге құдыреті жетуші) деп, жүз етіп толықтырса, теңіз көбігіндей болса да қателері кешіріледі[2]»,-деген хадис риуаят еткен.

Ал енді, бес уақыт парыздағы сүннет намаздарға қатысты көптеген хадистер келген. Олар жалпылама және әр сүннет намазға арнайы айтылғаны да бар. Әбу Аюб (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім бір күн бір түнде он екі ракағат намаз оқыса, оған жәннаттан үй тұрғызылады. (Олар) Төрт ракағат бесіннен алдын және екеуі кейін, ақшамнан кейін екі ракағат, құптаннан соң екі ракағат және таң намазынан алдын екі ракағат[3]»,-деп айтылған.

Сүннет намазы мен тасбих тартуға қатысты хадистерді саралай келе мешіттерде әуелі сүннет намаз оқылып, соңыра тасбих тартылады. Өйткені, намаз барлық құлшылықтан ілгері тұрады, қалған сүннет амалдар намаздан кейін орындалғаны дұрыс.

2.Аятул Курси оқып, тасбих тарту намаздың міндетті амалы емес. Мүмкіндік болса, отырып тасбих тартқан сауап. Ал, қысылтаяң уақытта орындалмаса оқасы жоқ.


[1]Табарани
[2] Муслим
[3] Әл-Лубәб шарх әдаб китаб, Китаб солат, 100-бет

 
Руслан Камбаров
date15.08.2015readCount23336categoryНамазprintБасып шығару