Операция үстінде намазымды қалай оқысам болады?
Мен дәрігер едім. Нейрохирургтер мен кардиохирургтерде кейбір операциялар 10-12 сағатқа дейін созылып жатады. Бұл уақыттарда кейбір намаздардың уақыты өтіп кетеді. Осы жағдайда намаздарымды операция үстінде ишарамен оқысам бола ма? Әлде кейін қазасын өтейін бе? Бірақ, ишарамен оқиын десем, перчаткамызға не халатымызға қан жұғып, лас болып жатады. Алла риза болсын!

Сіздің жағдайыңызда, мүмкіншілік болса, уақыт тауып екі намазды біріктіріп оқуыңызға болады. Намаздарыңызды қаза қылғаннан гөрі, бесін мен екінтіні немесе ақшам мен құптан намазын біріктіріп оқу абзалырақ. Ал, егер бұған да мүмкіндік таппасаңыз, намаздарыңыздың қазасын өтейсіз. Адам өмірін құтқару да парыз іс болғандықтан, операцияның созылуына байланысты намаздарыңыз қаза болып жатса, иншаАЛЛА, сізге күнә жазылмайды. Себебі шариғат, мәжбүр болған сәттерде  намазды кейінге қалдыруға рұқсат еткен [1]. Құран Кәрімде: «Алла, әр бір жанға тек күші жететін нәрселерді ғана міндеттейді» [2] - дейді. Сонымен қатар, Хандақ соғысында сүйікті пайғамбарымыз да төрт намазын мәжбүрліктен қаза қылған болатын [3].

1. У. Зухайли: Маусуғатуль фиқһ – 126 бет, 2 том. Дамаск.
2. Бақара сүресі -286 аят.
3. Ибн Мәсудтан р.а. Тирмизи, Несаи және Имам Ахмед риваят еткен.

Абдусамат Қасым
date19.12.2012readCount5899categoryНамазprintБасып шығару