Сап түзеудің хикметі неде?
Ассаламу алейкум!
Мешітте кейбір бауырлар сап түзеуге аса мән бермей жатады. Соған байланысты,  намазда сап түзеудің маңыздылығы жайлы айтып беруіңізді сұраймын.

Уа алейкум ассалам!

Бұл тақырыпқа қатысты көптеген хадистер баршылық. Алдымен солардың бірқатарын айтып шығайық.
1. Әнас бин Малик жеткізеді (р.а.): «Саптарыңды түзеңдер, саптың түзулігі намаздың дұрыстығынан[1]».

2. Әнас бин Малик (р.а.): «Саптарды түзеңдер, мен сендерді арқамнан көріп тұрамын[2]».

3. Нұғман бин Башир риуаяты (р.а.): «Саптарыңды түзеңдер, әйтпесе Алла Тағала сендердің араларыңа алауыздық салады[3]»

4. Ибн Масғуд (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) намазда біздің иығымызды қағып: «Түзу тұрыңдар, (сапты) бұзып тұрмаңдар, әйтпесе жүректерің бұзылады[4]», – дейтін».

5. Ибн Омар (р.а.) риуаяты: «Саптарды түзеңдер, иықтарыңды теңестіріңдер, бос орынды толтырыңдар, бауырларыңның қолдарына жұмсақ тиіңдер, шайтанда бос жай қалдырмаңдар. Кімде-кім сапты жалғаса, Алла Тағала онымен (арасын) жалғайды, ал кімде-кім сапты үзсе, Алла Тағала онымен (арасын) үзеді[5]»

Сонымен, саптың түзулігі жоғарыда айтылған хадистерді қағидаларды қамти отырып, екі мағына бойынша қолданылады.
Бірі – намазда тұрғандардың бір сызықтың бойында, бір-бірінен кейін немесе ілгері тұрмай бой түзеуі;
Екіншісі – қатарда ешбір бос орын қалдырмау.
Барлық ғұламалар бірауыздан жамағат боп оқылатын намазда саптың түзулігі бекітілген сүннет деп айтқан. Ханафи мазхабы бойынша имамның сап түзулігін қадағалауы –  міндет.
Алайда, сапты түзету жұмсақтықпен және мейіріммен жүзеге асырылады. Әсіресе, білімі аз ортада жамағатқа үйрету мен түсіндіруде ерекше жұмсақтық қажет етіледі. Өйткені, мұның барлығы намаздың мән-мағынасы Алла Тағаладан қорқу мен тақуалықтың алғышарттары екенін ұмытпаған жөн.



[1] Бұхари, Муслим
[2] Бұхари
[3] Бұхари, Муслим
[4] Муслим
[5] Әбу Дауд

date06.08.2014readCount7113categoryНамазprintБасып шығару