Жолаушыға екі намазды біріктіріп оқуға болады ма?
Ассалаумағалейкум! Мен Алматы облысы, Қапшағай қаласында тұрамын. Ал қызметім Алматы қаласында. Жұмысыма күнде Қапшағайдан барып-келіп істеймін. Алматы мен Қапшағайдың арасы 60 шақырым. Ал үйден жұмысқа дейінгі арақашықтықты есептесем, 85 шақырым болады екен. Сонда күнде 170 шақырым жүремін. Жазда күн ұзақ, намаз оқуға көп қиындық болмайды. Ал қыста күн қысқа болғандықтан қиындықтар туып жүр. Кейде жолға шығып, оқып үлгере алмай, қаза қылып аламын. Осыған байланысты менің жағдайым жолаушы үкіміне кіре ме? Яғни, намаздарымды жолаушы ретінде оқуыма бола ма? Немесе екі уақыт намаздарды біріктіріп оқуға рұқсат бар ма? Қалай болады екен? (Қанат Ж.)

Уәғалейкум әссәләм Қанат мырза!

Шариғатта жолаушы үкіміне кіру үшін тұрғылықты елдімекеннің соңғы шетімен баратын елдімекеннің кірер шеті [1] арасындағы қашықтық 86-90 шақырым болуы керек. Яғни, бұл қашықтық үй мен жұмыстың арасымен емес, қалалардың шеткі нүктелерінен бастап есептеледі.

Сіздің жағдайыңызда, екі қаланың арасындағы ұзақтық 86 шақырымға жетпегендіктен, жолаушы қатарына жатпайсыз. Сол себепті, намаздарыңызды қысқартпай, толық оқуыңыз керек.

Екі намазды қосып оқу ханафи мәзхабында рұқсат етілмегені мәлім. Алайда, бұл мәселеде өзге мәзхабтардың жеңілдігін негізге алып, парыз намазын уақытылы оқу мүмкіншілігі болмаған жағдайда қосып оқысаңыз болады. [2]

[1] Бәдруддин Айни әль –Ханафи: Әль Биная Шархуль Хидая – 16 бет, 2 том.
[2] Юсуф бин Махмуд: Жамиуль-әс-илатиль фиқһияти Аля Мәзхабиль Ханафия -108 бет.
Абдусамат Қасым
date18.12.2012readCount6328categoryНамазprintБасып шығару