Тарауих намазы қанша рәкағат? (8 сұрақ)
Ассаламу алейкум!
Тарауих намазы қанша рәкағат?

Уа алейкум ассалам!

С: Тарауих қандай намаз?

Ж: Тарауих рамазан айында ғана оқылатын ерекше намаз. Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдарды ешбір міндеттемей, рамазан айында түнде құлшылық етуге үндеп: Кімде-кім рамазанда иманмен және сауабын Алла тағаладан үміт етіп түнде құлшылық етсе, оның өткен күнәлары кешіріледі, – деуші еді[1]», – деген.

С: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманында тарауих қалай оқылды?

Ж: Айша (р.а.) анамыз риуаяты: «Алла елшісі (с.ғ.с.) түнде[2] мешітке барып намаз оқыды. Адамдар да ол кісімен намазға тұрды. Ертесіне жұрт бір-біріне айтып, келесі күні намазға жиналған адамдар саны кешегіден көптеу болды. Үшінші түні адамдар тағы көбейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазға шықты. Жұрт та оқыды. Төртінші түні жұрт мешітке толып кетті. Бұл күні пайғамбар (с.ғ.с.) тек таң намазға шықты. Намаздан соң адамдарға қарап, Алла тағалаға мақтау айтқан соң: «Сендер түнде намазға келгендеріңді мен білемін, алайда бұл намаз міндет болып шамаларың келмей қалуынан қауіптеніп шықпадым», – деген екен. Алла елшісі (с.ғ.с.) қайтыс болғанша осылай оқылды[3]»

С: Тарауих қашан оқылады?

Ж: Әуелі құптан парызы мен оның екі рәкағат сүннеті оқылады. Одан кейін жамағат имамға ұйып, имам тарауихты дауыстап оқиды. Тарауих бес таруиха[4] болып оқылады. Әр таруиха сайын жамағат аз уақыт демалады.

С: Рамазан айында үтір уәжіп қалай оқылады?

Ж: Сонымен қатар, тарауихтан соң үтір уәжіп намазын да жамағат имам ұйып оқиды. Имам құныт дұғасынан басқа қырағатты дауыстап оқиды.

С: Тарауихтың үкімі қандай?

Ж: Тарауих ер кісіге және әйелдерге бірдей сүннет, муаккада ъаләл-кифая намаз. Ер кісілер мешітте, ал әйелдердің үйде оқығаны дұрыс.

С: Сүннет муаккада ъалал-кифая дегеніміз не?

Ж: Егер тарауихты мешіт жамағаты түгелімен тәрк етсе – күнә. Ал, белгілі бір себептермен тарауих намазына кісілер қатыса алмаса, жамағат оқығандықтан, олардың мойнынан түседі.

С: Тарауихты жамағат болып оқу қалай қалыптасты?

Ж: Абдурахман бин Абдулқари (р.а.) әңгімелейді: «Мен рамазан кешінде Омар бин Хаттабпен (р.а.) мешітке бардым. Адамдар бөлек-бөлек намаз оқуда еді. Біреу өз бетінше, ал біреу бір топ кісіге имам болып оқып жатты. Сонда Омар (р.а.): «Мен мына жамағатты бір қаридың артынан намаз оқытуды жөн деп ойлаймын», – деді. Шешім қабылдап, Убай бин Кағбты (р.а.) имам етіп намаз оқуды бұйырды. Тағы бір күн Омармен бірге түнде мешітке бардым. Жұрт бір қариға ұйып намаз оқып тұрды.  Сонда Омар (р.а.): «Мына неткен тамаша бастама...[5]»,-деді.

С: Тарауих намазы қанша рәкағат?

Ж: Ханафи және Шафиғи мазхабы бойынша 20 рәкағат[6]. Бұған негіз Саиб бин Язид (р.а.): «Адамдар Омар бин Хаттаб (р.а.) дәуірінде рамазан айында (тарауихты) 20 рәкағат оқитын[7]», – деген риуаят жеткізген. Және Язид бин Румана (р.а.): «Адамдар Омар бин Хаттаб (р.а.) заманында 23 (3 рәкағат үтір уәжіп) рәкағат намаз оқитын[8]»,-дейді.



[1] Бұхари, Муслим
[2] Рамазанның 23-не
[3] Бұхари, Муслим
[4] Таруиха – демалыс, 1 таруиха - 4 ракағат тарауих намазы
[5] Бұхари
[6] Әл-Ихтияр, 1-2 кітап, 107-бет, Тасһил әд-Дарури, 87-бет
[7] Байһақи
[8] Муатта, Байһақи

date03.07.2014readCount9394categoryНамазprintБасып шығару