Кімнің намазы қабыл болмайды?
Ассалаумағалейкум!
«Арақ ішсең денеңе харам ас барып 40 күн намазың қабыл болмайды» деген хадис бар. Ал, футболға бәс тігіп ұтып, ол ақшаға тамақ алып жесең, денеңе харам ас барса, оқыған намазың қабыл бола ма? Әлихан

Уа алейкум ассалам!
Шын мәнінде, кімнің намазы мен дұғасы қабыл болатындығы Алла тағалаға ғана аян. Алайда, намазы қабыл болмайтын адамның белгілері айтылған хадистер бар. Солардың бірі арақ ішкен және арам ас жеген адам.
Абдулла бин Омар (р.а.): «Кімде-кім арақ ішсе Алла тағала оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе Алла тағала оны кешіреді. Егер қайта ішсе Алла тағала оның қырық күн намазын қабыл етпейді...[1]»,-деген хадис риуаят еткен.
Әбу Һурайра (р.а.): «...Адам ұзақ сапар шегіп, үсті-басы шаң-тозаң болып екі қолын аспанға көтеріп: Уа, Раббым! Уа, Раббым!,-дейді. Алайда, ішкен асы харам, ішкен суы харам, киген киімі харам және қорегі харам. Ондай адамның дұғасы қалай қабыл болмақ?![2]»,-деген риуаят жеткізген.
Демек, бұл күнә істер адамның құлшылығының қабыл болуына кедергі келтіреді. Бірақ, арақ ұрттап қойған адам, ертесіне есін білген соң намазын оқуға міндетті. Намазы қабыл болмаса да, құлшылықтан босатылмайды.
Сонымен бірге, мына хадистерге зер салыңыз. Ибн Аббас (р.а.): «Үш адамның намазы төбесінен бір сүйем де көтерілмейді, олар: жұртқа имам болған, бірақ оны ел қаламаған адам, күйеуі риза болмай түнеген әйел және туыстық қарым-қатынасты үзген бауырлар[3]»,-деген хадис риуаят еткен.
Әбу Һурайра (р.а.): «Кісі алпыс жыл намаз оқыса да, бірақ оның бір намазы қабыл болмайды. Мүмкін, ол рукуғын толық орындайды да сәждесін толыққанды орындамайды немесе сәждесін толық орындайды да рукуғын толыққанды орындамайды[4]»,-деген риуаят келтіреді.
Осы мағыналас хадистер Құран Кәрімнің: «...Күдіксіз намаз; арсыздықтан, жамандықтан тыяды...[5]»,-деген аятынан бастау алады.
Қорыта айтқанда, мұсылманның намазы мен дұғасы қабыл болуының басты белгісі адал ас және күнә мен арсыздықтан тиылуы.

 


[1] Тирмизи
[2] Муслим
[3] Ибн Мажаһ
[4] Асбаһани
[5] Ғанкабут сүресі, 45-аят

date26.06.2014readCount20842categoryНамазprintБасып шығару