Сәһу сәждесі қашан және қалай жасалады?
Ассаламу алейкум!
Сәһу сәждесі қашан және қалай жасалады?

Уа алейкум ассалам!
Сәһу – ұмыту деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғатта – намаз оқушы бір парыз амалды қайталап жіберсе, мәселен екі рет рукуғ жасаса немесе бір уәжіп амалды ұмытса соңғы отырыста әт-тахият дұғасынан кейін сәлем беріп екі рет сәжде жасайды. Соңыра қайтадан әт-тахият, салауат және роббәнә дұғаларын оқып тәмамдайды.
Сәһу сәждесін жеке намаз оқушы әт-тахияттан кейін екі жағына сәлем беріп барып жасайды. Ал, жамағатпен оқығанда сәһу сәжде тек имам қателессе жасалады. Ұюшы намазхан қателессе де имамнан бөлініп сәһу сәжде жасамайды. Имам сәһу сәждені тек оң жаққа сәлем берген соң жасайды.
Көп жағдайда намаздың уәжіптері ұмытылған соң жасалады. Сондықтан ең бастысы намаздың уәжіптерін білген жөн, олар:

1.Фатиха сүресін оқу;
2.Қосымша сүре немесе үш аят оқу;
3.Фатиханы қосымша сүреден алдын оқу;
4.Парыз және уәжіп намаздарда қирағат жасау;
5.Намаз рүкіндерін толыққанды орындау;
6.Алғашқы отырыс (қағда);
7.Алғашқы және соңғы отырыста әт-тахият дұғасын оқу;
8.Намаздан шығар кезде сәлем сөзін айту;
9.Үтір намазда құнт дұғасын оқу;
10.Айт намазындағы қосымша тәкбірлер;
11.Имам таң, ақшам, құптан намаздарында және жұма, қос айт намаздарында және рамазан айында тарауих және үтір уәжіп намазын дауыстап оқу;
12.Имам бесін, екінті және ақшам мен құптанның соңғы екі ракағатын іштен құпия оқу[1].

Аталмыш уәжіп амалдарды намазхан әдейі тастап кетсе, намазды қайта оқуы тиіс. Ал, байқаусыз ұмытса, сәһу сәжде жасайды.



[1] Тасһил Дарури ли масаил әл-Қудури, 43-44 беттер

date22.05.2014readCount13736categoryНамазprintБасып шығару