Доңыз терісінен жасалған аяқ киім
Ассаламу алейкум!
Доңыз еті харам екені белгілі, ал доңыз терісінен аяқ киім немесе басқа да былғары бұйымдар жасауға болады ма? Өйткені, еті желінбейтін басқа жануарлардың терісін илеу арқылы пәктеу (адал) ету деген бар емес пе? Жақсылық (IT)

Уа алейкум ассалам!
Құран Кәрімде харам етілген ет жайлы: «Шынайы түрде сендерге өлексені, (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды...[1]»,-деп айтылған. Осының ішінде, доңыз тұтастай харам. Оның етін жеуге болмайтындығы секілді терісін де пайдалану және сату харам.

Жабир бин Абдулла (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Алла тағала және Оның елшісі арақты, өлексені, доңызды және пұтты сатуды харам етті. Сонда: уа, Алла елшісі! Өлескенің майы ше, онымен кемелер майланады, тері-былғарыларға жағылады және майшам етіп жағылады,-деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): Жоқ, ол харам,-деді де, сөзін жалғастырып: Алла тағала яһудилерді құртсын, Алла өлексенің майын харам еткенде олар әдемілеп сатып, құнын жеген,-деді[2]»,-деп айтылған.

Барлық фиқһ ғалымдары доңыз терісін кез келген жолмен пайдалануға және сатуға тыйым етілуінің себебі доңыз тірі және өлген күйде де харам болғандықтан деген. Сондықтан, доңыз терісінен тігілген тон, аяқ киім және тағы басқа заттарды киюге болмайды.



[1] Бақара сүресі, 173-аят
[2] Бұхари, Муслим

date17.04.2014readCount7672categoryСауда-саттықprintБасып шығару