Адал және арам кәсіптің айырмашылығы
Әссәләмуалейкүм!
Сіздерден сұрайын дегенім: Қандайда бір кәсіптің ислам діні тұрғысында қандай шарттары бар? және сол шарттарымен жүру маңызды ма? Ұлан Асқат

Уа алейкум ассалам!
Еңбек етуге қатысты Құранда: «Ол Алла, сендер үшін жерді көнбіс қылып жаратты. Ендеше, оның айналасында жүріңдер. Сондай-ақ, Оның ризығынан жеңдер[1]», – деп әмір етілген.

Еңбек етіп, маңдай термен табыс табу – Ислам қағидаттарының бірі. Алла тағала жер бетін адам баласына бойұсындырып берген. Адам осы нығметті пайдаланып, бейнеттеніп Алла тағаланың жер бетіне шашқан ризық-несібесін іздеуі қажет.

Мұсылман баласына өзін және бала-шағасын асырауда жалқаулық етуіне, құлшылықты немесе  «Алла тағалаға тәуекел» деп сылтауратып, жатыпішер  болуына рұқсат жоқ.

Имам Ғазали: «Парыз кифая – онсыз дүние ісін оңалту мүмкін емес ілім. Мәселен, дәрігерлік. Бұл адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтау үшін қажетті ілім. Сондай-ақ, есеп-қисап. Есеп сауда-саттық және қарым-қатынас үшін керек. Демек, жұрт ішінде осы ілімдер меңгерілмесе, халыққа қиын соғады. Бұл – біреу қолға алса, басқалардың мойнынан түсетін парыз ілім. Дәрігерлік пен есеп-қисап парыз кифая деген сөзімізге таң қалмаңыз. Өнеркәсіптің негізгілері де парыз кифая болып табылады. Мәселен, егіншілік, тоқыма...[2]», – дейді.

Кәсіп пен мамандықтардың барлығы дерлік адал. Алайда, арақ-шарап немесе есірткі өндірісі, доңыз бағып, етінен түрлі өнім жасап сату және құмар ойынның барлық түрінің табысы немесе ұрлық пен алаяқтылық, тән саудасы, жезөкшелік осы секілді т.б. сенім, діни этика, ар-намыс және ислами әдепке жат кәсіптерге қатаң тиым салынады. Мұнымен айналысу –күнә.

Еңбек пен кәсіпке қатысты жалпы қағида

Асыл дініміз мұсылман баласына қоғам мүддесіне қайшы келетін өз қалауымен, шариғатқа теріс жолмен табыс табуына рұқсат бермейді. Бұл қағида негізінде, бөгде біреуді шығынға ұшыратып, табыс табу шариғат бойынша заңсыз. Ал, адамдар өзара ризашылығы және әділдікпен пайда көретін табыс жолдары заңды деп қарастырады[3].

Аталмыш, қағидат: «Әй мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа. Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал, кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай[4]», – аятына сүйенеді.

Қорыта айтқанда, «Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер» аятына қатысты Алқама Абдулла бин Аббастан (р.а.) мынадай риуаят келтіреді: «Бұл – үкім аят, оның күші жойылмаған. Аяттың үкімі қиямет күніне дейін жойылмайды».

Сонымен бірге, «...Және бір-біріңді өлтірмеңдер...» тәпсірінде: «Алла тағала тыйым еткен амалдар жасап, күнәға қол ұрып және өзара малдарыңды бұзықтықпен жеумен (өздеріңді де, басқанына құртпаңдар)[5]», – деп түсіндіріледі. Кәсіптің барлық түрінде осы екі шарт басшылыққа алынады.



[1] Мүлік сүресі, 15-аят
[2] Ихия улум әд-Дин, 1/15
[3] Әл-Халал уал харам фил Ислам, 129-бет
[4] Ниса сүресі, 29-30 аяттар
[5] Мұхтасар тафсир Ибн Касир, 1-том, 459-бет

date26.03.2014readCount6468categoryСауда-саттықprintБасып шығару