Жұма күні жуа жеуге болмайды деген рас па?
Ассаламу алейкум!
Жұма күні пияз немесе сарымсақ жеп мешітке кіруге болмайды деп жатады. Оның сыры неде? Мағауия

Уағалейкум ассалам!
Жұма және бес уақыт намазды жамағатпен оқу үшін мешітке пияз немесе сарымсақ жеп келуге болмайды. Бұл екі көкөністің ащы иісі адамдарға зиян болғандықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пияз және сарымсақ жеп мешітке кіруден тыйған.

Миғдан бин Талха (р.а.) риуаяты: «Жұма күні Омар бин Хаттаб (р.а.) уағыз айтты. Құтпасында: «Ей, адамдар! Сендер бұл екі көкөністі жеп келесіңдер. Мен бұл екеуін жаман деп білемін. Бұл – пияз бен сарымсақ. Алла елшісі (с.ғ.с.) мешіт ішінде бір кісіден бұл екеуінің иісін байқаса, бұйрық беріп, ол кісі Бақиғқа[1] шығарылатынын көрдім[2]»,–деді.

Сондай-ақ, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл екі көкөніс жайлы: «Бұларды жеген адам мешітімізге жақындамасын. Ал, егер жейтін болсаңдар, пісіріп өлтіріп жеңдер[3]»,– деген.

Осы хадис негізінде пияз және сарымсаққа қоса, өткір және жағымсыз иіс тудыратын барлық жайттарға тиым етіледі. Мәселен:

1.Темекі иісі бойынан мүңкіп тұрушы;

2.Ауыз қуысынан тым қатты иістенген адам;

3.Ашық жарасынан жағымсыз иіс таралып тұрған науқас;

4. Киімі мен шұлығы қатты иістенген адам.

Өйткені, мұның барлығы тазалыққа жат болуымен қоса, мешітке құлшылыққа келуші адамдарға жағымсыз әсер етіп, зияны тиеді.

Хадистегі тыйым пияз бен сарымсақты жеуге қатысты емес.

Әбу Сағид әл-Худари (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) құзырында пияз бен сарымсақ жайлы айтылғанда, біреу: «Уа, Алла елшісі! Мұның ең жаманы сарымсақ, оны харам етіңіз»,– дейді. Сонда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жей беріңдер, бірақ жегендерің оның иісі кетпейінше, мешітке жақындамасын[4]»,-деуі бұл екі көкөністі жегеннен пайда болатын жағымсыз иіспен мешітке кіруге тыйым етілгенін көрсетеді.



[1] Мешіт жанындағы жер. Мадинада қаласындағы мұсылмандардың ең алғашқы зираты
[2] Муслим, Ахмед, Насаи
[3] Әбу Дауд
[4] Әбу Дауд

date13.03.2014readCount6852categoryНамазprintБасып шығару