Сәждеден тұрғанда бірінші тізе көтеріледі ме әлде қол ма?
Ассалаумағалейкум!
Сәждеден тұрғанда бірінші тізе көтеріледі ме әлде қол көтеріледі ме? Толық жауап беріңізші! Табарак Меруерт Хамит

Уа алейкум ассалам!
Ғұлама әл-Кәсәни әл-Ханафи өзінің еңбегінде: «Шафиғи мәзһабы бойынша сәждеден бас көтерген соң, жеңіл отырыс жасап, тұрарда екі қолымен жер таянып көтеріледі. Бұған Малик бин Хуайрис (р.а.) риуаят еткен: «Пайғамбар (с.ғ.с.) басын екінші сәждеден көтерген соң отырған күйде бойын тіктеп, сосын екі қолын жерге тіреп тұратын»,-деген хадисін негізге алған.

Ал, Ханафи мәзһабының дәлелі Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен «Пайғамбар (с.ғ.с.) екінші сәждеден басын көтергенде лезде аяғына тұрып кететін еді» деген хадис. Сонымен бірге, ғұлама сахабалар Омар, Әли, Абдулла бин Масғуд, Абдулла бин Омар, Абдулла бин Зубайр (р.а.) сәждеден лезде аяқтарына тұрып кететін.

Ал, имам Шафиғидің өз шәкірттеріне: «Рукуғ пен сәждеде менен озып кетпеңдер, себебі менің жасым ұлғайды»,– деген сөзі сәждеден тұру мәселесінде қос хадистен өзіне жеңілін таңдағанын білдіреді.

Әлидің (р.а.) «Намаздың сүннеті – жасы ұлғайған қарт болмаса, қос қолды жерге таянбау»,– деген сөзі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қолымен жер тіреп көтерілуі үзірлі жағдайда болғанын көрсетеді[1].

Қорыта айтқанда, сәждеден бас көтергенде қарттық немесе тағы да басқа үзірлі себеп болмаса, бірден аяққа тұрып кету – сүннет. Бұл амалдың дұрыс орындалу жолы – сәждеден тұрған соң, екі қол тізеге қойылып, содан соң барып бойын тіктейді.



[1] Бадаиғ ус-Санаиғ, 1-том, 264-265 беттер

date28.02.2014readCount5974categoryНамазprintБасып шығару