Марқұмның отбасы мен туыстарына қалай көңіл айтқан дұрыс?
Ассаламу алейкум!
Дінімізде марқұмның отбасы мен туыстарына қалай көңіл айтқан дұрыс? Мақсатбек

Уа алейкум ассалам!
Көңіл айту – сүннет. Көңіл білдіруші марқұмның отбасын сабырлыққа шақырып, дұға тілек айтады. Қайғыны бөліссе азаяды демекші хадисте: «Мұсылман басына ауыртпалық түскен бауырына көңіл айтса, Алла тағала оған қиямет күні керемет киім кигізеді[1]»,-деп айтылған.

Хадис кітабы түсіндірмесінде көңіл айту – «Алла тағала сабыр берсін, марқұмды рақым етсін, артында қалған бала-шағасына жақсылық берсін» деген секілді сөзбен қайғысын бөлісу[2],-деп келген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Зейнептің баласы шетінегенде, «Расында, алған Алла және беретін де Ол. Әр нәрсе Оның құзырында белгілі уақытқа дейін. Сабыр ет, сауабын күт[3]»,-деп көңіл айтқан.

Қазіргі таңда «Қаза қайырлы болсын, иманы саламат, қалғандары аман болсын», «марқұмның иманы жолдас болсын, алды пейіш арты кеніш болсын» деген секілді көңіл білдіру сөздері шариғатқа сай келеді.



[1] Ибн Мажаһ
[2] Әт-Таж әл-Жамиъ лил-Усул фи ахадис Расул, 1-том, 379-бет
[3] Термизиден басқа алты хадис кітабының барлығында келген

date21.02.2014readCount10785categoryЖаназаprintБасып шығару