Тәулігіне бес уақыт намаз оқу шарт па?
Ассаләму ғалейкум уа рахматуллаһи! Сіздерге қояр сұрағым, жұмыс жағдайы сәйкес келмеуіне байланысты тек таң намазын не болмаса құптан намазын оқуға бола ма ? Гулбану.

Уа алейкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!

Құрметті, Гүлбану!

Құран Кәрімде:

إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا

«... Шын мәнінде, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз етілді»[1], – деп айтылған. Тәулігіне бес уақыт намаз оқу әрбір мұсылманға міндет. Әр намаз белгіленген уақытта оқылуы парыз. Намазды уақытынан бұрын немесе кейін оқуға болмайды. Мұның өзіндік сыры бар. Адам ағзасы күн бойына бірнеше рет тамақтануға тәуелді болғаны сияқты жан-дүниесіне де азық қажет. Намаз оқуымыз Аллаға емес, өзімізге қажет екенін ұмытпаған жөн. Денесін пәктеп дәрет алып, құбылаға қарап құлшылық еткен пендені Алла тағала сол намазы арқылы күнәдан тазартады. Әбу Һурайра (р.а.):

أرأيتم لو أن نهرًا بباب أحدكم يغتسل منه كل يوم خمس مرات, هل يبقى من درنه شيء؟ قالوا: لا يبقى من درنه شيء. قال: فذلك مثل الصلوات الخمس يمحو الله بهنّ الخطايا.

«Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Есіктеріңнің алдынан ағып жатқан өзенге бес рет түсіп жуынсаңдар, бойларыңда бір кір қалады ма?», – деп сұрайды. Сахабалар: «Жоқ, кір қалмайды», – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бес уақыт намаз да солай, Алла тағала сол намаздармен қате-күнәларды жуады», – деген хадисті риуаят етеді[2].

Алла тағала бес уақыт намазымызға берік болуға жар болсын!



[1] «Ниса» сүресі, 103-аят.

[2] Фиқһ Ханафи, І том, 125-бет (Муслим 1/462).

date03.02.2014readCount7803categoryНамазprintБасып шығару