Жұмысым басқа қалада, намазды қалай оқығаным дұрыс?
Ассалаумағалейкум! Өзім Қарағанды қаласында тұрамын, жұмысым Астана қаласында. Сондықтан да, аптаның бес күнін Астанада, екі күні жанұяммен өткіземін. Астана қаласында болғанымда, парыз намаздарын қалай оқығаным дұрыс?  Дәурен

Уағалейкумассалам! Ханафи мәзһабы бойынша жолға шыққан мұсылманның сапары 15 күнге толмаса, онда ол адам жолаушы болып саналады. Осы себепті де, оған парыз намаздарын қысқартып оқу міндеттелген (бесін, екінті, құптан намаздарын екі рәкағатпен оқиды).

Бұл жайында Абдулла бин Аббас (р.а.) риуаятында былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеде 15 күн болды (15-ші күні Меккеден аттанды) – ол парыз намаздарын қысқартып оқыды» (Нәсәи).

Сондай-ақ, Ибн Омар (р.а.) хадисінде бөгде мекенде 15 күн немесе одан артық уақытқа тұрақтар болса, онда ол адамға парыз намаздарын толық оқу міндеттелетіні айтылады (Тирмизи).

Ал, егер сапарда жүрген уақытыңызда имамға ұйып, намазға жығылар болсаңыз, ғибадатыңызды толығымен жасауға тиістісіз (Қысқартылған парыз намаздарын толығымен өтейсіз). 

date22.01.2014readCount5905categoryНамазprintБасып шығару