Құтпа оқылу барысында «сәлем намазы оқылмайды» дегенге дәлел бар ма?
Ассаламуғалейкум! Сіздерге Аллаһ екі дүниеде разы болсын!!! Менің сұрағым былай: жұма күні имам құтпа оқып тұрғанда кейбіреулер сәлем намазын оқып жатады. Оларға "сен неге олай істейсің, құтпа тыңдау уәжіп қой, неге сәлем намаз оқисың" десең, хадисте "имам құтпа оқып тұрсада сәлем намазын оқы" деп бұйырған деп, жеңістік бермейді. Сонда қалай, құтпа тыңдау уәжіп болса, олардың айтып тұрғандары не? Осының басын ашып, нақты дәлелдермен жауап беріңіздерші! Мұхтар

Уағалейкум ассалам! Мұхтар, Ханафи мәзһабы мен Мәлики мәзһабында имам құтпа оқып жатқанда  сәлем намазын оқуға тыйым салынады.

Ал сіз сұрап отырған хадистің бар екендігі рас. Сахаба Жәбир ибн Абдилланың айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) құтпа оқып тұрғанда, Сүләйк ибн Ъамр әл-Ғатафани деген кісі кіріп келеді. Сонда Алланың елшісі оған: «Намаз оқыдың ба?» деп сұрайды. Әлгі кісі оқымағанын айтады. Сонда Алла елшісі: «Тұр да екі рәкәғат намаз оқы!», – дейді[1].
Алайда бұл хадис «имам құтпа оқып жатқанда, кешігіп келген кісінің екі ракәғат сәлем намазын оқуына болады» дегенге дәлел бола алмайды. Бұның бірнеше себебі бар:

  1. Пайғамбарымыздың бұл әмірі тек әлгі Сүләйк ибн Ъамр әл-Ғатафани деген кісіге ғана қатысты айтылған. Бұған дәлел келтірер болсақ, Даруқутнидің  хадис жинағында келген бір риуаятта  жоғарыда аты аталған сахаба Жәбир ибн Абдилла былай дейді: «Жұма күні Сүләйк әл-Ғатафани кіріп келді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Екі ракағат намаз оқы. Және мұндайды (намаз оқуды кейін) қайталама!», – дейді [2]. Яғни, Пайғамбарымыз әлгі сахабаға тек сол кезде ғана екі ракағат намаз оқуын айтып, кейінен  имам құтпа оқып тұрғанда осылайша намаз оқуды қайталамауын әмір етіп тұр.
  2. Сонымен қоса, Сүләйктің намазы құтпа оқылып жатқан сәтте болмаған. Өйткені кешігіп мешітке келген Сүләйк әл-Ғатафаниді көрген Алла елшісі оқып жатқан құтпасын үзеді де, оған намаз оқуын бұйырады. Ол намаз оқып болғанша Пайғамбарымыз құтпасын жалғастырмай кідіреді. Әлгі сахаба намазын бітіргеннен кейін барып, оқып жатқан құтпасын жалғастырған. Осы тұжырымды қуаттайтын дәйек келтіре кетелік. Даруқутнидің хадис жинағында жеткен мүрсәл хадисте былай делінген: «Пайғамбарымыз оқып жатқан құтпасын үзіп, оған (Сүләйкке) екі ракағат намаз оқуын әмір етті де, әлгі сахабаның намазы  біткенше күтіп отырды. Намазы бітісімен оқып жатқан құтпасына оралды»[3].  Бұдан келіп шығатыны құтпа оқылып жатқанда еш бір намаз оқылмайды. Себебі жұмаға келген барлық жамағатқа құтпаны тыңдау міндет. Пайғамбарымыздың құтпасын үзуінің де мәні осында. Қазіргі таңда он мыңдаған адам жұма намазына келетіні мәлім. Имам оның әрқайсысына алақтап оқып жатқан құтпасын үзуі мүмкін емес. Сондықтан  кешігіп келушілер, құтпа оқылып жатқанда еш бір намаз оқымастан тыңдаулары тиіс.
  3. Әлгі Сүләйк намазын құтпа оқылу барысында оқымағанына тағы бір дәлел  Сахих Муслим атты хадис жинағында келген. Ондағы риуаятта сахаба Жәбир ибн Абдилла былай дейді: «Сүләйк әл-Ғатафани жұма күні (мешітке) келді, ол кезде Алла елшісі мінбәрда отырған еді. Намаз оқымай отырған Сүләйктан Пайғамбарымыз: «Намаз оқыдың ба?»,– деп сұрайды. Әлгі кісі оқымағанын айтады. Сонда Алла елшісі: «Тұр да екі рәкәғат намаз оқы!», – дейді[4]. Сүләйк әл-Ғатафани кіргенде ардақты Пайғамбарымыз минбарда отырған еді. Ал минбарда отырған кісі құтпа оқымайды.  Демек, әлгі сахабаның намазы құтпа оқылмай жатқанда болған. Ал құтпа оқылмай жатқанда намаз оқуға болатыны бәріне мәлім.
  4. Сондай-ақ, Әбу Дәуідтің хадис жинағында мынадай риуаят келтірілген: «Алла елшісі құтпа оқып тұрғанда, бір кісі кіріп келіп қатар отырғандардың арасын бөліп-жарып аттап өтпекші болады. Алла елшісі ол кісіге: «Отыр! Шындығында сен кешіктің!»[5], – дейді.  Мына хадисте ардақты Пайғамбарымыз құтпа оқу барысында кешігіп келген кісіге сәлем намазын оқуын бұйырмастан, отыруды әмір етіп отыр. Ендеше, имам құтпа оқып жатқан шақта мешітке келген кісі ешбір намаз оқымастан отырып құтпаны тыңдауы тиіс.
  5. Абдулла ибн Аббас, Әзірет Омар және оның ұлы Абдулла, Әзірет Осман сынды сахабалар мен Ъата ибн Рабах және Саъид ибн Мүсәйяб сынды табиғин ғалымдар, имам құтпаға шыққанда намаз оқуды мәкрүһ санаған[6].

Ал құтпа барысында сәлем намазы оқылу керек дейтіндердің көлденен тартатын мына тағы бір  хадис те: «Кімде-кім имам құтпа оқып жатқанда жұмаға келген болса, екі рәкәғат намаз оқысын. Ол екеуін қысқа, шапшаң оқысын» [7], – делінген. Бірақ бұл да дәлел бола алмайды. Олай болған себебі, бұл хадис құтпа кезінде сөйлеуден немесе намаз оқудан тыйымай  тұрып айтылған дүние.  Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жұма күні имам құтпа оқып тұрғанда сөйлеп отырған адамға «тыныш» деген адамның өзі артық сөйлеген болады. Ал, көп сөздінің намазы жоққа есеп», – деген бұйрығынан кейін  әлгі хадистің үкімі жойылған. Бұнымен қатар Құрандағы: «Қашан сендерге Құран оқылса, үндемей оны тыңдаңдар!», – деген аят та құтпаны тыңдау жайында түскендігі деректерде  айтылған[8].
Сондықтан әлгіндей хадисті арқау етіп имам құтпа оқып жатқанда сәлем намазын оқимын деу Пайғамбарымыздың сүннетіне теріс. Оның үстіне, оқылып жатқан құтпаны тыңдау уәжіп, ал сәлем намазын оқу мүстахаб. Уәжіпті орындау, мүстахаб амалды орындаудан бұрын келетіні анық.

[1]Бухари – №930,931 хадис.
[2]Дарукутни – 2/328 бет, №1620 хадис.
[3]Дарукутни – 2/329 бет, №1621 хадис.
[4]Муслим – 388 бет, №(875) 58 хадис.
[5]Әбу Дәуід: «Китабуль – Жұмъға» – 237 баб/1118 хадис.
[6]Ибн Әби Шәйбә, әл-Мусаннаф: «Китабуль Жұмға».
[7]Муслим – Муслим – 388 бет, №(875) 59 хадис.
[8]Әт-Тәжрид лил-Қудури – 2/246 бет; Бадаиъ – 2/200 бет.
Абдусамат Қасым
date10.12.2013readCount7275categoryНамазprintБасып шығару