old.muslim.kz Ғұсыл құйынып, дәрет алғанда Пайғамбарымыз қанша су қолданған? - Muslim.kz
Ғұсыл құйынып, дәрет алғанда Пайғамбарымыз қанша су қолданған?
«Дәрет алуға 1 қадәх су (1 фунт, шамамен 450г.) жетеді екен, қалғаны ысырап»  дегенді әріптесім үлкен қариялардан естіпті. Шариғатымызда дәрет пен ғұсыл алу үшін арнайы су мөлшері (литр) белгіленген  бе? Ернат Тәукебаев

Уағалейкумассалам, Ернат! ғұсыл құйыну мен дәрет алу кезінде қолданатын судың риуаяттарда келтірілген мөлшерлерін былай тізбектесек болады:

  1. Фарақ – шамамен сегіз литр су. Айша анамыздан келген бір хадисте Пайғамбарымызбен бірге ғұсыл құйынарда «Фарақ» деп аталатын бір Қадәх ыдыс су қолданғанын айтады[1]. (Сонда бір адамға шамамен төрт литрден келіп тұр)
  2. Саъ – шамамен төрт литр су[2]. Сахаба Жәбир ибн Абдулланың айтуы бойынша, Пайғамбарымызға (шашы қалың бола тұра) «бір саъ (төрт литр)» мөлшеріндегі су  ғұсыл құйынуына жететін[3].
  3. Мүдд – шамамен бір литр. Сахаба Әнәс былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у) бір саъдан бес мүдд мөлшеріне дейін жуатын немесе жуынатын. Дәрет алған кезде бір мүдд су қолданатын»[4].

Осыларды қорытындылай келе, Пайғамбарымыз ғұсыл құйынған кезде шамамен 4-5 литр, ал дәрет алған кезде 1 литр су жұмсағандығын аңғарамыз. Әйтсе де, ғұсылда немесе дәрет аларда осы мөлшерден ауытқымау керек деу қиын. Қажеттілігіне қарай, аталмыш мөлшерден асыруына құқылы.

Дәрет алу кезіндегі судың ысыраптығына тоқталар болсақ, дәрет алу барысында суды қажетті мөлшерден тыс қолданып, ысырап ету – жеңіл мәкрүһ. Бұл жайында Алла елшісі: «Дәретті өзеннің жағасында алсаң да, суды ысырап етпе», – дейді.

Дәрет алу кезінде жуылуы керек дене мүшелерін (бет, қол т.б.) хадисте көрсетілген мөлшерден (үш рет) артық жуу да – ысырап. Алайда, кейде дәрет алу барысында артығымен тазалануды қажет етуі мүмкін, мұндай кездерде жуылуы керек дене мүшелерін (бет, қол т.б.) артығымен жуудың еш ағаттығы жоқ дейді ғалымдарымыз. Сондай-ақ, қолды қайтара сулау арқылы басына бірнеше рет мәсих (сипау) тарту да ысырапқа жатады. Ал қолды қайтара суламастан, артығымен мәсих тартып жатса, артық етпейді.[5]

[1]Сахих Бухари: Китабуль Ғусл – №250  хадис
[2]http://www.ilimdunyasi.com/sahih-i-muslim-muhtasari/boy-abdesti-alirken-kullanilacak-su-miktari/?wap2
[3]Сахих Бухари: Китабуль Ғусл – № 252 хадист
[4]Сахих Бухари: Китабуль удзу – № 201 хадис
[5]Ибн Абидин: Раддул Мухтар.
Абдусамат Қасым
date04.12.2013readCount11430categoryҒұсыл-дәретprintБасып шығару