Бесінде қамат түсіріліп жатса, сүннетін оқығаным дұрыс па?
Әссәләму алейкум! Негізі жамағатпен оқу бекітілген сүннет екенін білемін.  Ал, менің сұрайын дегенім, мешітке келгенде бесін намазына қамат айтылып, парыз намазы оқылғалы жатса, алғашқы төрт рәкәғат сүннетті оқымай жамағатқа ілеседі ме? Әлде сүннетті бітіріп барып жамағатқа қосыламыз ба?  Ардаққызы Шырын.

Уағалейкум әс-сәләм, Шырын! Әлдебіреу мешітке келгенде қамат түсіріліп жатқан болса немесе жамағат парызға бастап қойған болса, сүннетті оқымай жамағатқа келіп қосылады. Өйткені, «Сахих Муслим» атты хадис жинағында риуаят етілген бір хадисте Алла елшісі былай деген:

  • «Қамат түсіріліп жатқанда парыз намазынан басқа намаз оқылмайды»[1]

Жамағатпен парызын оқып болғаннан кейін алдыңғы оқымаған сүннетін оқиды. Мұны артқы екі рәкәғат сүннет намаздан бұрын оқыған абзал[2]. Бұл сүннетке бастамаған кісі үшін.

Егер бесіннің алдыңғы сүннетін оқып бастағанда, азаншы қамат түсіріп жамағат парызға тұра бастаса, намазды екі рәкәғатқа толтырып аяқтайды да жамағатқа ілеседі. Оқылмай қалған екі рәкәғат сүннетін парыздан кейін оқиды.

Сүннеттің үшінші не төртінші рәкәғатын оқып жатқан болса, соңына дейін оқып бітіріп, жамағатқа ілеседі.

[1]Муслим, Салатуль Мусафирун – №710 хадис.
[2]Хидая, «Бәбу идракиль фариза», 55 бет.
Абдусамат Қасым
date27.11.2013readCount5452categoryНамазprintБасып шығару