Таң және екінті намаздарынан кейін қаза намаз оқу мәкрүһ пе?
Әссаламу алейкум! «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұжымы! Таң намазы мен екінті намазынан кейін қаза намаз оқу мәкруһ болама? Гүлзәт Утебаева

Уағалейкум әссалам! Гүлзәт, таң намазы мен екінті намазынан кейін Ханафи мәзһабы бойынша нәпіл намаз оқу – мәкрүһ.  Өйткені, «Сахих әл-Бұхари» атты хадис жинағында келген бір хадисте сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Шынында Алла Елшісі (с.а.у.) екінті намазынан кейін күн батқанша және таң намазынан кейін күн шыққанша (нәпіл) намаз оқудан қайтарды»[1], деген. Ал осы екі уақытта қаза намазын өтеудің еш ағаттығы жоқ.

Қаза намаздары оқылмайтын үш уақыт бар. Олар – күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт, күн тас төбеде тұрғанда және күннің қызарып батуға бет алған мезгілі. Бұл үш уақытта ешқандай намаз оқылмайды. Бұл үш уақыт жайлы Уқба ибн Амир әл-Жуһәни (р.а.) былай дейді:

«Алла елшісі (с.а.у) үш уақытта бізге намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, (батысқа қарай) иіле бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта»[2].

[1]Бухари Бәбус Сала бағдаль фажри - 557
[2]Муслим, Мусафирин, 293; М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы: Ислам ғылымхалы. 129 бет. 
Абдусамат Қасым
date25.11.2013readCount11477categoryНамазprintБасып шығару