Құрбандық етін христиан көршіме берсем, бола ма?
Ассалаумағалейкум! Келе жатқан айт мерекелеріңізбен! Менің сіздерден сұрайын дегенім, ертең Алла жазса, құрбандық шалуға ниетім бар. Соның етін христиан көршіме де берсем бола ма, әлде тек мұсылмандарға беру керек пе? Асылхан

Уағалейкумуссалам, Асылхан!

Құрбандық етінен өзге дін иелеріне де садақа етіп беруге шариғатымызда рұқсат. Өйткені, Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла тағала дін үшін сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла тағала турашылдарды жақсы көреді»[1], – дей келе, өзге дін иелеріне жақсылық жасауға болатындығын айтуда. Ал, құрбандық етін беру де өзгеге жасалған жақсылық болып есептеледі. Демек, оны өзге дін иелеріне берудің ешбір ағаттығы жоқ. Бұл әрекет бір шетінен сауап, екіншіден өзге діндегілердің Исламға деген жақсы көзқарастары қалыптасуына септігін тигізуі мүмкін.

Ертеректе сахабалар да құрбандық етінен өзге дін иелеріне бергендігі деректерде келтірілген. Мысалы, Тирмизидін хадис жинағында келген риуаятта Мүжәһид былай дейді: «Сахаба Абдулла ибн Амрдің үйінде бір қой құрбандыққа шалынды. Сонда Абдулла ибн Амр: «Көршіміз Яһудиге (еттен) бердіңдер ме? Көршіміз Яһудиге (еттен) бердіңдер ме? – деп сұрады да ары қарай сөзін – Мен Пайғамбарымыздың былай дегенін естідім: «Жәбрайыл маған көршіге жақсылық жасауды көп кеңес еткендігі соншалықты, көршіні де мүрагерлікке кіргізеді ме деп ойлап қалдым»,– деп өрбітті»[2].

Ендеше, құрбандыққа шалынған малыңыздың етін көршіңіз христианға да берсеңіз, сіз үшін сауап болмақ.  

[1] Мүмтәхина - 8 аят.
[2] Тирмизи, Китабуль бирь уәс силә, №1943-хадис.
Абдусамат Қасым
date14.10.2013readCount6852categoryҚұрбанprintБасып шығару