Арапа күні жайында не білеміз?
Сәлеметсіз бе?Арапа күні туралы толығырақ айтып бересіз бе? Эльвира. Ассалямуғалейкум! Арапа күні Ықылас сүресін 1000 рет оқыса, мол сауап болады деп оқыдым. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіздер. Табиғат Тасболатов.

Уағалейкумуссалам! Зульхижжә айының 10-жұлдызы  – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн. Оның ардақтылығын Алла тағаланың өзі Фәжр сүресінде ант ете отырып білдірген: «Рауандап атқан таңмен және (зүл-хижжәның айының) он түнімен ант етемін»[1]  

Сүйікті Пайғамбарымыз да (с.а.у) өзінің асыл сөзінің бірінде: «Осы он күнде жасалған игі істен Аллаға сүйкімдірек игі іс жоқ, яғни (зүл-хижжаның) он күні...»[2], – деген.

Алла Елшісінің кей жұбайларының айтуы бойынша: «Алла Елшісі зүл-хижжа айының тоғыз күнінде, ашура күнінде және әр айда үш күн, сондай-ақ,  айдың дүйсенбісі мен бейсенбісінде ораза ұстайтын еді»[3], – дейді.

Ендеше, осы он күнде мұсылман кісі мүмкіншілігі болса, ораза ұстап, көптеп құран мен нәпіл намаздар оқыған дұрыс. Мұқтаж жанға садақа беруді де ұмытпау керек. Өйткені хадисте айтылғандай бұл күндері жасалатын қандай да болмасын игі амал Алланың қасында ең сүйкімді.

Осы он күннің ішінде арнайы қасиет тұтылатын «арафа» күні бар. Арапа күнінің уақыты – зүл-хижжа айының тоғызы, яғни құрбан  айтынан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.

Арапа араб тіліндегі білу, түсіну деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе  әлде аян ба» деп ойлаған Ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі.

Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...»[4] , – деп бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтуда.

Тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы – арапа күні жасалған дұға...»[5], – деген.

Ендеше, Зүл-хижжа айының алғашқы он күнін де (6-15 қазан 2013 ж) оның ішінде арапа күні (14-қазан) сауапты амалдарды көптеп орындаған дұрыс.

Біздің елде арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалып жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза ұстағанда дұрыс болады.

Ал, арапа күні ықылас сүресін 1000 рет оқу жайында нақты хадис жоқ. Әйтсе де, бұл ықылас сүресін оқымау керек деген сөз емес. Жоғарыда айтқанымыздай алғашқы он күнде, әсіресе, арапа күні ораза ұстап, ғибадат ету, құран оқу – сауапты. Сондықтан, ықылас сүресін қаншалықты көп оқысаңыз, соншалықты сауабы да көп болмақ. Себебі, Құранның әр әрпіне он сауап жазылатыны жайында сахих хадистерде айтылған.

[1] Фәжр сүресі –1-2 аят.
[2] Әбу Дәуід, «Бәбу фи саумиль Ашар» – 2438-хадис.;  Ибн Мәжә – 1727.
[3] Әбу Дәуід, «Бәбу фи саумиль Ашар» – 2437-хадис.
[4] Сахих Муслим, Саум – 1162 хадис. Имам Науауи шархы.
[5] Тирмизи сүнәні. 
Абдусамат Қасым
date01.10.2013readCount44330categoryҚұрбанprintБасып шығару