Ғұсылы жоқ кісіге фиқһ кітабын оқуға бола ма?
Ассаляму аляйкум уа рахматуллаһ! Үзір адамға үзірі үшін алынған дәретпен құран ұстап оқуына бола ма, әлде құран үшін арнайы дәрет алу керек пе? Екінші сұрағым: ғұсылы жоқ адамға фикһ кітаптарын оқуға рұқсат па?  Гүлім

Уағалейкумуссалам уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Гүлім, үзірлі  кісіге[1] бір уақыт намазға алған дәреті келесі намаздың уақыты кіргенге дейін (дәретті бұзатын басқа бір жағдай болмайынша) жарамды.  Сол уақыт ішінде дәретін жаңаламастан Құран оқу, нәпіл намаз оқу, намаз қазасын өтеу сияқты қалаған құлшылығын жасай алады[2]. 

Екіншіден,  ғұсылы жоқ кісілерге тыссыз Құран Кітабын ұстау – харам. Даруқутнидің сүнәнінде келген бір сахих хадисте ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с.) Йемен халқына жолдаған хатында: «Құранды тек тазаланып ұстасын!»,[3]деп бұйырған.

 Ал, фиқһ кітаптарын, хадис кітаптарын тыссыз ұстау – мәкрүһ. Өйткені ол кітаптарда Құран аяттарын кездестірмеу  мүмкін емес[4]. Дегенмен, бір нәрсенің үкімін білу керек болып қалса, ғұсылы жоқ кісі фиқһ кітабындағы кездесетін аяттарды оқымай, тек ішінде берілген пәтуаларды қарап шығуына болады. Бірақ, ең дұрысы – ғұсыл құйынып барып оқу.

[1] Үзірлі жайында мына сілтемеге кіріңіз: http://muslim.kz/kk/question/282-divertikulezge-shaldyqqan-adam-ar-namazga-daret-ala-ma.html
[2] Маусули, әл-Ихтияр – 1/105-107 бет.
[3] Даруқутни - №433 –хадис.
[4] Әл-Айни, әл-Биная – 1/652 бет.
Абдусамат Қасым
date30.09.2013readCount6081categoryҒұсыл-дәретprintБасып шығару