Қызыл иек (десна) қанаса, дәрет бұзыла ма?
Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһ! Менің қызыл иегім (десны) қанай береді. Дәрет алғанымда ауызымды жуу барысында түкірсем, қанап кете береді. Біреулер «қан шыққаннан дәрет бұзылмайды» дейді. Мәзһаб бойынша қалай, дәлелі бар ма? Рүстем.

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Рүстем, Ханафи мәзһабы бойынша, денеден қан, ірің немесе су шығып, айналасына жайылған болса, ол дәретті бұзады. Бұған дәлел Пайғамбарымыз (с.а.у): «Барлық «аққан қан» себепті дәрет керек»[1], – деген. Хадис бойынша, дәреттің бұзылуы үшін қан не іріңнің шыққан жерінен ағуы шарт. Ал, тек жара бетінде көрініп, шет-шетіне жайылмаса, дәретті бұзбайды [2].   

Ауыздан шыққан қанға келер болсақ, жоғарыда айтқанымыздай  дәреттің бұзылуы үшін қанның ағуы шарт. Ал, ауыздағы қанның аққан, ақпағанын түкірікке қарап білеміз. Егер түкіріктің жартысынан көбі қан болса, ол кезде дәрет бұзылады. Ал, жартысынан аз болса, дәрет бұзылмайды.[3]Осы қағидаға сүйенсек, қызыл иектен аққан қан түкіріктің жартысынан аз болса, дәретіңіз бұзылған болып есептелмейді.

[1] Даруқутни – 571.
[2] Хидая – 1/35 бет.
[3] Әль-Майдани, Лүбәб – 1/12 бет; Әл-Маусули, әл-Ихтияр – 1/52бет.
Абдусамат Қасым
date16.09.2013readCount11839categoryҒұсыл-дәретprintБасып шығару