Мен намазда тұрған сәтте алдымнан бір кісі кесіп өтсе намазды басынан қайта оқуым керек пе?

Егер намаз оқып тұрғанда бір адам алдынан кесіп өтетін болса, намаз бұзылмайды. Яғни қайтадан оқудың қажеті жоқ. Алайда адам өтетін жерде оқыған жағдайда алдына қалқа (сутра) қоймаса мәкруһ саналады. Сондықтан алдына бөгет қойған абзал. Қалқа - қандайда бір нәрсені сәжде жасайтын жердің дәл алдына немесе сәл әрірек қойса жеткілікті. Сондай-ақ мешіттердегі қабырғаға, тірекке жақын тұрып оқуғада болады. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қайсыбіреуің болмасын намаз оқығанда алдына қалқа қойсын және сол қалқаға жақын тұрсын. Біреудің оның алдын кесіп өтуіне жол бермесін» деп ескерткен (Бұхари, 1/191, 487). Мына бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдына найза қадап оқитын» десе (сахих Бухари, 498), тағы бір хадисте: «Азаншы азан шақырған кезде сахабалар (мешіттің) тіректерінен орын алуға асығатын..» дейді (сахих Бухари, 599). Намаз оқып тұрған кезде бір адам алдынан өтіп бара жатса, оны қолымен немесе «субханаллаһ» деп тоқтатқан абзал. Өйткені Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Намазды еш нәрсе бұза алмайды, шамаларың жеткенше (намаз алдын кесушіні) тоқтатуға тырысыңдар» деген (насбур-рай, 2/76).

Қайрат Жолдыбайұлы,
Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы
date12.07.2012readCount7062categoryНамазprintБасып шығару